Анонс


Ұлттық музейде Ертіс өңірінің тарихына арналған көрме ашылды (ФОТО)

Сәрсенбі, 13 Мамыр 2015 18:39
Ұлттық музейде Ертіс өңірінің тарихына арналған көрме ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде  «Ертістің Павлодар өңірі тарих толқынында» атты көрме  ашылды.  

Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Павлодар облыстық әкімшілігінің көмегімен ҚР Ұлттық музейі мен Павлодар облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы және облыс  музейлері ұйымдастырды.

Көрме Қазақстан  Республикасы Ұлттық музейінің «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында ұйымдастырылды.

«Бұған дейін астаналықтар мен Астана қонақтары Қарағанды облыстық музейлер жиынтығының құнды мұраларымен танысқан болатын. Павлодар облысы осы шараны жалғастырып отыр. Қолда бар мұраны бүгінгі күнге жеткізіп, оны ертеңгі ұрпаққа дұрыс насихаттап көрсету тағлымды іс. Шын мәнінде бұл отаншылдықтың белгісі. Павлодар – еліміздің тарихи өңірі. Бұл жерден Бұхар жыраудан бастап кейінгі Қаныш Сәтбаев сынды ғалымдар, Майрадай әншілеріміз, небір дүлдүлдер мен бұлбұлдар шыққан. Бір ғана Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өзі неге тұрады?! Сол кісілердің мұраларына, қалдырған жәдігерлеріне адалдық танытқыларыңыз келсе, музейге келіңіздер», - деді көрмеде Ұлттық музей директоры Дархан МЫҢБАЙ.

 

Жоба аймақтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, музей ісін дәріптеуге, Қазақстанның облыстық тарихи өлкетану музейлерінің мол қорларынан жинақталған қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің құнды артефактарымен, жәдігерлерімен елорда тұрғындары мен қонақтарын таныстыруға мүмкіндік беруді көздеді.

 

«Кереку өңірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан және тағы да басқа танымал тұлғалар дүниеге келген қасиетті жер. Бұл аймақ рухани, мәдени мұраға бай өлке. Осыған дейін біз 400-ден астам экспонатты Ұлттық музейдің қорына тапсырдық. Ал бүгінгі көрмеге біз облыстағы музейлердің ең таңдаулы экспонаттарын әкеліп отырмыз. Бұлардың арасында суретшілердің, қолөнершілердің туындылары, палеонтологиялық артефактілер, елімізге елеулі азаматтардың жеке заттары, қазба жұмыстары кезінде табылған тарихи жәдігерлер бар», - деді жиналғандарға Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы Владимир БЕРКОВСКИЙ.

Көрмеге келушілер өлкенің өткен тарихымен, Павлодар облысының белгілі ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлерімен танысты.

4583 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper