Анонс


Ұлттық музей Ресей музейлерімен бірлесіп көрме ұйымдастырды

Сейсенбі, 05 Мамыр 2015 00:00
Ұлттық музей Ресей музейлерімен бірлесіп көрме ұйымдастырды KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Сталинград шайқасы» музей-қорығымен және Ресейәскери-тарихи қоғамының Волгоград бөлімімен бірлесіп ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, РФ Мәдениет министрлігінің және «Хабар» Агенттігінің қолдауымен Ұлттық музейдің «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында «Жеңіске құрмет!» атты көрменің ашылу салтанатын  өткізді.

 

   Көрме 2 бөлімнен тұрады. Көрменің 1-бөліміндегі стендтерге «Қазақстан соғыс жылдарында» тақырыбымен қазақстандық дивизиялардың суреттері, мұрағаттық құжаттары, ұрыс жолдарының карталары және осы соғыс барысындағы түбірлі өзгерістің бастауы болған «1942-1943 жылдарғы Сталинград шайқасы» көрмесінің фотоқұжаттық бөлімі қойылды.  

Кеңес әскерлерінің Сталинградты қорғаған және немістердің Еділ мен Дон өзендерінің аралығына орналасқан ірі стратегиялық тобын талқандаған жауынгерлік әрекеттері 1942 жылғы 17 шілде мен 1943 жылғы 2 ақпан аралығында өтті. Сталинград майданының 120 бөлімінің жеке құрамы мен қызметі орналасқан Батыс Қазақстан облысы майдан іргесінде болатын. Сталинград үшін шайқасқа Қазақстанда жасақталған 9 әскери дивизия қатысты.

Қазақстан халқының фашизмді жеңуге қосқан үлесі «Соғыстың басы, Дивизиялардың жасақталуы», «Қазақстандықтар соғыс майданында», «Қазақстан - майдан арсеналы», «Тыл еңбеккерлерінің Жеңіске қосқан үлесі», «Даңқ шоқ жұлдызы», «Батырлар даңқы мәңгі өшпейді! Бұл – өлілерге емес, Бұл – тірілерге керек!» атты стендтерден көрініс табады.

Республиканың миллиондаған жұмысшылары, колхозшылары мен зиялылары жауды жеңудегі ортақ іске өз үлестерін қосып тылда еңбек етті. Ленинград түбіндегі Курск иінінде қазақстандық жауынгерлер жан аямай шайқасты. Днепрден өту үшін болған шайқаста 123 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 18 жасар Жәнібек Елеуісов солардың арасындағы ең жасы болды.

С. Нұрмағамбетов өз жауынгерлерін Берлин үшін шайқасқа бастап барды. Рейхстагқа Жеңіс туын лейтенант Р. Қошқарбаев тікті.

Майданға аттанған 1 200 000 қазақстандықтың 650 000-і үйіне оралмады.

498 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды, 110 жауынгер Даңқ орденінің толық кавалері болды.

Көрменің 2-бөліміне батырлардың жеке заттары, майданнан жазған хаттары, ордендері мен медальдары, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қарулар және т.б. экспонаттар қойылды.

2418 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper