«Жеңіс ізбасарлары» атты музей қорынан ұйымдастырылған көрме сұрапыл соғыстың салқынын көрген, батырлық пен ерліктен жаралған рухының қаһармандық қасиеттері мен айбынды ардагерлердің даңқын айғақтайтын оқиғалардан бастау алады.
Экспозицияда көпшілік қауымның назарына Тәуелсіздікке айналдырған Қазақ елінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың қазіргі кезеңдегі Қазақстанның Қарулы Күштерінің негізін салушы ретінде қол жеткізген жетістіктері: Қазақстанның әскерлері мен әскери құрылымдары-қауіпсіз қорғаны, ядролық әлеуеттен бас тартқан қазақ елі, мемлекеттік шекараны межелеу - ең маңызды саясаттың бөлшегі, Қазақстанның әскери оқу орындары-білікті мамандар мектебі, Жоғарғы Бас Қолбасшының бастауымен Қарулы Күштер дамуының одан ары болашақ белестеріне қадам басуы жайлы музейлік құндылықтар, фото-бейне материалдар мен мұрағаттық құжаттар ұсынылады.
Ботагөз Қайпова, ҚР Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары:
- Бұл көрменің ерекшелігі музей қорында жинақталған материалдарды жүйелеп көрсету ғана емес. Соның ішінде бүгінгі кездесуге қатысып жатқан соғыс ардагерлерінің де жеке отбасылық қорларынан алынған мәліметтер мен деректерді, құжаттар, соғыс кезіндегі фотоларды келушілерге көрсетіп тағы бір тағзым етіп, құрмет көрсетуді мақсат етіп отырмыз, - деді.
Ботагөз Муттахиденқызының айтуы бойынша, аталмыш көрме арқылы Астана тұрғындары мен қонақтары ерлік пен жасампаздыққа толы ардақты ардагерлердің өнегелі өмір жолдарымен жақынырақ таныса алады.
Айта кетейік, «Жеңіс ізбасарлары» көрмесі 2015 жылдың 8 маусымына дейін жалғасады.