Көрменің ұйымдастырушы - Игорь Холодар. Екібастұз қаласының тұрғыны. Ол көрме өткізуді кәсіпке айналдырған. Шымкентке бұған дейін тірі құстар мен көбелектердің көрмесін әкелген.
Мұндай 3D суреттер көрмесін өткізудегі мақсат - адамдарға эмоциялық көңіл-күй сыйлау 3D әсердің кереметін сезіндіру, - дейді ол.
Көрменің үйлестірушісі Алексей Коноваловтың айтуынша, бұл көрме алғаш рет суретшінің туған жері Барнаулда қойылыпты. Одан кейін, Қазақстанға жеткен. Павлодар, Қарағанды, Алматы, т.б. қалаларында ұйымдастырылған.
3D суреттерді Барнаулдан шыққан суретші Павел Родж салған. Талай жылдардан бері кескіндеме, тату салу, қабырға безендіру сынды өнер түрлерімен айналысатын суретшінің бұл туындылары кенепке арнайы неміс бояуымен салынған. Су тисе өшпейді, түрлі қырғыш заттармен қырып алу да мүмкін емес. Ұйымдастырушы суретшімен келісе отырып, өз ойындағы идеяларды ұсынған. Суретші содан кейін сол идеялардың негізінде эскизін сызып шығыпты. Соңынан түбегейлі кескінді бекітіп, 3D суретке айналдырған. Көрмеге қойылған 20-дан астам 3D суреттерді түсіруге шамамен 6 ай уақыт жұмсалыпты. Дайын болған суреттерді ұйымдастырушы ақысын төлеп, сатып алады. Осылайша, суреттердің авторлық құқығы толықтай дерлік ұйымдастырушының иелегіне өткен.
Ал, еденге жапсырылған суреттерді мәскеулік кескіндемеші Максим Гончеренко әзірлеген. Бұл суреттердің барлығы да арнайы компьютерлік графикалық бағдарламада дайындалып, басылып шыққан. Содан кейін еденге жапсырылған. Тек бір ретке ғана жарайды. Екінші қайтара жапсыруға келмейді. Едендегі әр суреттің жанында арнайы бағыттама жапсырылған. Дәл осы бағыттаманың үстінен тұрып, алдындағы суретті түсірген жағдайда ғана, дұрыс ракурсты ұстауға болады. Орын ауысып кетсе, едендегі суреттің 3D эффектісі бұзылады.
Келушілерге қойылған билет бағасы да әртүрлі. Ересектерге – 800 теңге болса, студенттерге – 600 теңге. Балаларға 500 теңге деп белгіленсе, 5 жасқа дейін балаларға кіру тегін.
Үйлестірушілерден сұрап білгеніміз, Шымкент жұртшылығының бұл көрмеге келу көрсеткіші өзге қалалармен салыстырған төмен. Жұмыс күндері 30-40 адам шамасында, ал аптаның демалыс күндері 100 шақты адам бас сұғады. Мысалы, Қарағанды, Алматы қалаларында келуші жұртшылықтың сан мөлшері жай күндері 100-150 адамға жетсе, демалыс күндері 500-600 адамға дейін барған.
Шымкенттегі көрме 2015 жылдың 17-мамыры күні аяқталады. Одан кейін Астанаға жол тартады.
Ұйымдастырушының жоспарында алдағы күндерде Шымкент қаласында балықтардың көрмесін өткізу белгіленген.
Гүлназ Сатыбалдықызы:
- Алматыдан Шымкентке екі-үш күнге қонаққа келгенмін. Құрбым осы көрмеге ертіп әкелді. Көңілімнен шықты.
Коля Прудников:
- Жылан, сосын жерде салынған аю, жолбарыстың суреттері ұнады.
Гүлнұр Сәтбаева:
- Әлеуметтік желіден осы көрме туралы достарымның жазбаларын көріп, қызығып келдім.
Әйгерім Бегімбет
Шымкент