Ағайынды Гүлназым мен Айнұр Өмірзақтар Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында оқып суретші-кескіндемеші мамандығы бойынша білім алған. Гүлназым мен Айнұрдың өмірде серік еткен кәсіптері бізкесте әдісін жан-жақты меңгерген шеберлер ретінде елімізге танымал отбасы. Бізкесте техникасында орындалған олардың туындылары, қазіргі көрермендер үшін тың жаңалық болып саналатының, өзіндік лейтмотиві, символдары бар толыққанды сюжеттен тұрады.
Гүлназым Өмірзақ 2009 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясындағы магистратураны бітірген. 1986 жылдың 11 наурызында туылған. Сурет салумен жастайынан айналысқан ол, бірнеше сертификаттар мен алғыс хаттарға ие болды.
1996 жылы Жас таланттардың «Айналайын» 1-ші халықаралық фестивалінің лауреаты атанады. 2002 жылы Астана қаласында 5-ші халықаралық мерекелік «Шабыт» шығармашыл Жастар фестивалінің лауреаты болып алтын медалімен марапатталды. 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Бюросының «Рисуют дети мира: Қазақстан» атты халықаралық Альбомдар сериясына енгені үшін сертификатқа ие болды. 2006 жылы Францияда академия атынан мамандығын шындап қайтты. 2010 жылы Республикалық «Қанатты Әйел-3» идеялар мен тауарлар жәрмеңкесіне қатысып дипломмен марапатталған.
Айнұр Өмірзақ 1982 жылдың 10 мамырында дүниеге келген.2013 жылдан бері Қазақстан суретшілер одағының мүшесі. 2006 жылы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогика институтында оқытушы болып қызмет істеген. 2009 жылдан тікелей шығармашылық жұмыстармен айналысып келеді. Олар 1989 жылдан бастап көптеген республикалық және халықаралық көрмелер мен Қазақстанның шет мемлекеттердегі өткізілген мәдениет күндерінің белсенді қатысушысы болып табылады.
Бүгінгі таңда өз өнерлерімен елімізге және шетелдерге танымал болған Гүлназым мен Айнұр Өмірзақтың шығармашылық жұмыстары Лондон, Люксембург қалалары және Германия, Франция, Түркия, Ресей елдеріндегі өнер галереяларында сақтаулы, сонымен қатар еліміздегі мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың интерьеріне қойылған.
«Дәстүр жалғастығы» көрмесі 31 наурыз күні ашылып, 2015 жылдың 20 сәуіріне дейін жалғасады.