Анонс


Шымкенттегі Өнер музейі халықаралық байланыс орнатуға мүдделі

Жұма, 27 Наурыз 2015 12:28
Шымкенттегі Өнер музейі халықаралық байланыс орнатуға мүдделі KAZMUSEUM.KZ -  

Шымкенттегі бейнелеу өнері музейінде алғаш рет құнды туындылардың көрмесі ашылды. Көрмеде музей директоры алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі байланыстар орнататынын мәлімдеді, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Алғаш ұйымдастырылып отырған көрме үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып отыр. «Достық» суреттері сыр шертіп тұрған көрмеде түрлі ұлт өкілдері қылқалам шеберлерінің туындылары қойылып, бірлік пен, ынтымақ, тұтастық идеясына топтасқан картиналар көпшілік назарына ұсынылды.

Екінші бағыттағы көрме Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған. «Аманат» бөлмесінде тарихи туындылар, батырлар мен жыраулар бейнелері, көшпенді елдің тұрмыс-тіршілігі суреттелген шығармалар қойылған. Ал, көрменің үшінші бөлігіне құнды жәдігерлер топтастырылған. Яғни, осы уақытқа дейін еш жерде жарық көрмей қорда жатқан түпнұсқа картиналар тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынылды. Музейде құнды туындылар саны әзірге үш жүзден асады. 1939 жылдан бері бұзылмай сақталған суреттер, өнер сүйер қауымға ұнары сөзсіз. Сондай-ақ, алғашқы қазақ суретшісі Әубәкір Исмайловтың да суреттері көрмеден орын алды. Одан бөлек еліміз бен өңірімізге танымал М.Бараисов, Г.Пономаренко, О.Скородин, П.Природин, М.Қалдыбаев, А.Тұрсынов, Т.Тоғысбаев, және т.б. сынды ХХ-ХХІ ғасырлардағы қылқалам шеберлерінің шығармалары қамтылған.

«Дәл осындай сәні мен салтанаты келіскен «Бейнелеу өнері музейі» республикамыздың өзге өңірлерінде некен-саяқ. Қазіргі таңда бейнелеу өнері музейінде 755 картина бар, олардың саны жыл санап артып, өңірдегі қылқалам шеберлері мен жас таланттарының шығармаларымен толыса бермек. Айта кетерлігі жаңа музейдегі көрме ай сайын жаңарып, толығып отырады. Болашақта Германия, Ресей, Үндістан суретшілерімен мәдени байланыс орнату жоспарда бар», - деді музей директоры Айнабек Оспанов.

3068 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper