«Менің көркемөнер саласына қатысты жоғары білімім жоқ. Дегенмен, мен де бала кезімде басқалар секілді сурет салдым. Бірақ, осы өнерді тастаған жоқпын. Бертін келе, өз бетіммен сурет салудың қыр-сырын, әдістерін меңгердім. Нәтижесінде өз арманыма қол жеткіздім. Менің мына тырнақалды көрмемде жұртшылық назарына әр жылдары салынған суреттер ұсынылды. Олардың барлығы өмірдің әр қырынан сыр шертеді. Өйткені, адамға шабыт сыйлайтын басты дүние - ол өмірдің өзі ғой» - деді автор.
Өнертанушы мамандардың айтуынша, Бақытжанның шығармашылығының ерекшелегі сол, сурет өнері ол үшін өз ойын білдіру ғана емес, өзін қоршаған ортада болып жатқан жайттарды сипаттаудың сара әдісі. Суретші өз заманының идеясын өзінше ұғынып, оған сындарлы сипат бере білген. Достарының, тіпті жолдағы бейтаныс жүргіншінің портреттерінің өзі үлкен мағынаға ие.
Сыншылардың айтуынша, Бақытжан Бұхарбаев түйсік сезімге көп мән береді. Оның туындылары өнердің мәні туралы толассыз айтылып жатқан пікірталастарға қатысты өзіндік бір жауабы іспеттес.
«Ақ рояль» арт-галереясында өтіп жатқан көрменің жұмысы 2015 жылдың қаңтар айының соңына дейін жалғасады.