Музей – кешенінің «Алаш» залында ұйымдастырылған бейнепанорамалы көрмеде еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы табыстары бейнеленген. Қазақстанның Егеменді ел ретінде танылғанына биыл 23 жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі ұрпаққа аманат еткен басты байлығы - Ел бірлігі мен ұлтаралық татулық пен халықтар достығы.
Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың көрегендігімен жүзеге асырылып отырған саяси экономикалық реформалардың арқасында, экономика саласы дамып, қазіргі таңда халықтың әл-ауқаты артып, ғылым мен білім және медицина саласында үлкен жетістіктерге жетуі - осы тәуелсіздіктің арқасында.
Көрмеде бүгінгі күні әлем жұрты таныған Тәуелсіз Қазақ елінің елеулі табыстары мен жетістіктері көрсетілген.
Мейрамгүл Қылышбекқызы, «АЛЖИР» музейінің ғылыми қызметкері:
- Бұл көрменің басты мақсаты – Қазақстанның егеменді ел болғанын, дүниеге танымал екендігін паш ету. Елдің татулығы мен бірлігі, Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясаты, білім мен мәдениет саласындағы біздің жетістіктеріміз осы көрменің басты тақырыбы ретінде көрсетілген.
Айта өтейік, Қазақстанның экономика, білім, спорт пен медицина саласында қол жеткізген жетістіктерімен қатар, Қазақстан халқының өркендеуі жолындағы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Қазақстан - 2050 стратегиясы: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ, Мәңгілік ел идеясы, мақсаттарға қол жеткізудің 4 ұстаным көрсетілген және өзара ықпалдастықтың арқасында Қазақстанның әлемге танылып отырғандығы, сонымен қатар Н.Ә. Назарбаевтың жақында шыққан Қазақстан халқына «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы да көрменің негізгі тақырыбына айналып отыр.