Орталық Азия аумағында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған көрме Ұлттық музейдің заманауи залдарында өтуде. Экспозиция 3 инсталляциядан және мүсіннен тұрады. Әрбір инсталляция суретшінің ақиқатқа айналған ойы мен қиялының көкжиегін көрсетіп, өнерсүйер қауымды бірегейлігімен таң қалдырады. Ендеше, қайталанбас көрмеге саяхат жасап көрейік.
Көрме залына кірген бетте Сіз осындай өнер туындыларымен таныса аласыз. Қаңылтырдан жасалған бұл гүл кескіндері өмірдің қара жағын немесе табиғаттағы қою қараңғылықты бейнелейді.
Гүл кескіндерін жақыннан көрсеңіз жапырақтардан түрлі бейнелерді көруге болады. Анықтап қарағанда қозғалыстағы адам бейнесі көрінеді. Бұл қою қараңғылықта да қозғалыстың тоқтамайтындығын білдіреді.
Ал, мына залда қаңылтырдан жасалған 20 мыңнан астам гүл кескіндері бар. Бергі жағынан қарасаңыз барлығы бірдей қара түсті. Ол жоғарыда айтып өткеніміздей, қараңғылықты бейнелейді. Енді гүл кескіндері тұрған алаңның келесі бетіне шығып көрейік. Алаңның арғы бетінен кескіндердің түсі мүлде басқаша. Ол төмендегі суретте:
Алаңның арғы бетінен қарағанда гүл кескіндерінің түрлі-түсті екенін көре аласыз. Оның жапырақтары мен сабақтарынан түрлі бейнелерді көріп ғана қоймай, тіршіліктегі сан алуан түстерді де байқауға болады.
Көрме залының келесі бөлігінде қою қараңғылықтағы Ай кескінін тамашалауға болады. Туындының бетінде түнде де тыным таппайтын жәндіктер бейнеленген. Жәндіктердің суретін жақыннан көру үшін төмендегі суретке назар аударыңыз:
Түн. Тыныштық. Бірақ жәндіктер ешқашан тыным тапқан емес. Көрме авторы түнгі тіршілікті осылайша барынша ашып көрсетуге тырысқан. Бұл Ай кескінiнің бергі бетіндегі бейнелер. Ал, Айдың арғы бетіндегі тіршілік қандай екен? Бұл сұраққа келесі суреттен жауап табуға болады:
Бұл Айдың арғы беті. Дүние жаңарып, тіршілік сан түрлі түске боялған. Тіршіліктегі сансыз бояуды тамашалау үшін Сізге келесі суретті ұсынамыз:
Автор түрлі-түсті бояу мен кескін бейнелер арқылы тіршілікті осылайша барынша суреттеуге тырысқан.
Көрмені Сіз әр күн сайын сағат 09.00-17.00 арасында ҚР Ұлттық музейінен тамашалай аласыз. Көрмеден рухани мол әсер алатындығыңызға сенімдіміз!