Анонс


«Жапонияның сұлулық әлемі» атты көрме ашылды (ФОТО)

Сейсенбі, 23 Қыркүйек 2014 06:00
«Жапонияның сұлулық әлемі» атты көрме ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде жапон суретшісі Томоко Хоукёның «Жапонияның сұлулық әлемі» атты жеке көрмесі ашылды.

Музейдің «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы аясында Қазақстандағы Жапония елшілігімен бірлесе ұйымдастырылып отырған бұл көрме көп жылғы табысты серіктестіктің тарихын жалғастырады.

Томоко Хоукё жапондық классикалық кескіндеменің ізбасары және дәстүрлі жапондық көркемөнер мектебінің мирасқоры. «Нихонга» кескіндемесі (оның дәлме-дәл аудармасы – жапондық кескіндеме) – бұл стильдер мен жанрларды кең көлемде қамтитын Жапонияның бейнелеу өнерінің ежелгі және таңдаулы түрлерінің бірі. Бүгінде, Жапонияда «Нихонга» сөзімен VIII ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі жазылған барлық ұлттық кескіндемені атайды.

Жалпы жапон кескіндемесіне күнделікті тұрмыс пен жылдың төрт мезгілінің өзара тығыз байланысы тән. Жапонияда маусымдық өзгерістер анық байқалады, сондықтан да жапондық суретшілердің басым көпшілігі өз жұмыстарында әдетте, жапон мәдениетінің ерекшелігін көрсететін табиғаттың сұлулығын, әр маусымның гүлдерін, құстардың көріністерін бейнелейді. Автордың ойынша, жаһандық жылылық әсерінен болып жатқан табиғи өзгерістер қоршаған ортамен өзара тығыз байланыстағы жапондықтардың өміріндегі дәстүрлі мәдени оқиғаларға теріс ықпал етеді.

    

«...Сұлу да әсем Жапонияны көрсету мақсатында және жапондық кескіндеме өнеріндегі дәстүрлі техниканың маңыздылығын ұғына отырып, мен, жапон мәдениетінде қалыптасқан дәстүрге құрметпен қарайтын суретшінің жолын жалғастырамын...», - дейді Томоко Хоукё.

«Жапонияның сұлулық әлемі» көрме суретшінің Қазақстандағы алғашқы көрмесі. Астана қонақтары мен тұрғындары ай бойы жапондық дәстүрлі мәнерде орындалған кескіндемелермен таныса алады.

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,

Ғабит МАДАЛИЕВ (фото).

4921 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper