Анонс


Министрдің қатысуымен Ұлттық музейде көрме ашылады

Дүйсенбі, 22 Қыркүйек 2014 06:00
Министрдің қатысуымен Ұлттық музейде көрме ашылады KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Ұлттық музейінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен қазіргі заманның ең әйгілі мүсіншілерінің бірі Цадок Бен-Давидтің «Түн ортасының арғы беті» атты жеке көрмесі ашылады. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық Азия аумағында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған көрме Ұлттық музейдің Заманауи залдарында 2014 жылдың 26 қыркүйегі мен 5 желтоқсаны аралығында өтеді. 

Экспозиция 3 инсталляциядан және мүсіннен тұрады. Әрбір инсталляция суретшінің ақиқатқа айналған ойы мен қиялының көкжиегін көрсетіп, өнерсүйер қауымды бірегейлігімен таң қалдырады.

Инсталляцияларды жасау үшін суретшіге 10 адам ассистент болды. Олар Цадок Бен-Давидпен бірге 3 жыл тынымсыз еңбек етті. 

Мәлімет үшін айта өтейік, Цадок Бен-Давид 1949 жылы Йеменде дүниеге келген. Бала кезінде ата-анасымен бірге Израильге қоныс аударған. Иерусалимдегі Бецалель Ұлттық өнер академиясында (Bezalel Academy of Arts) білім алған. Кейін Рединг университетін (Design University of Reading) және Әулие Мартин атындағы Орталық өнер және дизайн колледжін (Central Saint Martins College of Art and Design) тәмамдап, оқуын Англияда жалғастырған. Қазір суретші Лондонда жұмыс істейді. 

Суретшінің жеке көрмелері Лондоннан Оңтүстік Кореяға дейін дүниежүзінде үнемі жоғары деңгейде өтеді. Мұны көрмеге келушілер санынан аңғаруға болады. 

1988 жылы Венецияда өткен халықаралық заманауи өнер биенналесіне ол Израиль атынан қатысты. 

2008 жылы Пекинде өткен жазғы Олимпиада ойындарының ресми мүсіншісі ретінде таңдалды. 

Бен-Давид Цадок – көптеген марапаттар мен сыйлықтардың лауреаты: 

Португалияда өткен 14-ші Халықаралық биенналенің (2007) бірінші жүлдесі; 

Тель-Авив музейінің мүсін өнеріндегі жетістіктері үшін сыйлығы (2005). 

Цадок Бен-Давидтің жасаған мүсіндері Яд ва-Шем мемориалдық кешеніндегі (Израиль) Партизан панорамасының нақ ортасында орналасқан. Соңғы бірнеше жыл ішінде Бен-Давидтің шығармалары Италия, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Сингапур, Украинада көрсетілді. Оның шығармалары Еуропа, Шығыс Азия, АҚШ, Израиль, Австрияның мемлекеттік және жеке коллекцияларына енген.

4734 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper