Анонс


«Ағаштың құдыреті» атты көрме ашылады

Жұма, 15 Тамыз 2014 20:18
«Ағаштың құдыреті» атты көрме ашылады KAZMUSEUM.KZ -  

АСТАНА. 15 тамыз. BAQ.KZ – ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде ағаштан түйін түйген шебер Нұрсұлтан Қалиевтің «Ағаштың құдыреті» деп аталатын жеке көрмесі ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің 10-жылдығын мерекелеуге арналған бұл көрме, музейдің серіктестік көрме жобасы аясында Атырау облыстық Ш. Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Музей мерейтойына арналған іс-шаралар барысында аталмыш көрменің өткізілуі кездейсоқ емес: «Алға ұмтылған Қазақстан» жобасына алғаш қолдау көрсеткен Атырау облысы өз кезегінде еліміздің барлық аймақтарынан бұрын көрмелер сериясын бастап ашып, 2014 жылы аяқтағалы отыр.

Шебер жайлы айтатын болсақ, Нұрсұлтан Молдағұлұлы Қалиев 1978 жылы 20 ақпан айында, Атырау қаласы, Балықшы кентінде дүниеге келген. Оның бұл шығармашылыққа қызығушылығы жас кезінен басталады. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын бітіргеннен кейін, шебер қолданбалы өнерден өткізілген әр түрлі сайыстарға белсене қатысады.

2005 жылы Астанада «Қолөнер Евразия мәдениетінің ажырамас бөлшегі» фестивалінде дипломант атанады. 2007 жылы қолөнер шеберлері арасында ҚР тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған «Желтоқсан желі» сайысында үшінші орынға ие болды. Орал қаласында «Сарқылмас Саяхат – 2008» Республикалық туристік жәрмеңкесіне қатысып «Үздік туристік қолдан жасалған сувенир» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алады. 2009 жылы Ақтөбе қаласындағы «Шеберлер ауылы» республикалық фестивалінде «Үздік қолөнер шебері» номинациясы бойынша екінші дәрежелі дипломына ие болды. 2010 жылы Қазақстан қолөнершілерінің «Шебер-2010» республикалық сайысында «Жаңашылдық» номинациясы бойынша жеңіске жетеді. Сол жылы Бекет атаның 260 жылдығына орай өткізілген «Оғланды бояулары» Республикалық байқауында бірінші орынды; Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Жеңіс мамыры» сайысында – екінші орынды жеңіп алады.

Нұрсұлтан Қалиевтың жұмыстары, Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнерінің озық дәстүрлерін жалғастырушы ретінде көптеген республикалық ұжымдық көрмелерде көрсетіліп және басқа да орталарда өзінің нағыз көрермендерін тапты. «Ағаштың құдыреті» көрмесі – шебердің алғашқы көрмесі. Экспозицияға автордың шеберлігі мен суретшілік өнерінің дамуын айқындайтын 59 жұмысы қойылды.

Айта өтейік, көрме 25 тамызда ашылып, бір ай бойы жалғасады.

5084 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper