Анонс


Алматыдағы Ұлттық Орталық музей «Дала өрнектерімен өрілген металл бұйымдар» көрмесін ашты (ФОТО)

Жұма, 12 Желтоқсан 2025 17:47
Алматыдағы Ұлттық Орталық музей «Дала өрнектерімен өрілген металл бұйымдар» көрмесін ашты (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық Орталық музейінде «Дала өрнектерімен өрілген металл бұйымдар» көрмесі өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрмеге алғаш рет ҚР Ұлттық Орталық музейінің археология қорынан сәндік металлдан безендірілген бұйымдар қойылды. Бұл артефактілер көшпелі және қалалық мәдениеттің материалдық және рухани дәстүрлерінің әр қилы аспектілерін көрсетеді. Артефактілердің негізгі бөлігін археологиялық экспедициялардан, «көмбелерден» және кездейсоқ табылған олжалар құрайды.

Көрмені ҚР Ұлттық орталық музейінің ғалым-хатшысы Ерсін Маралбекұлы ашып, көрме металл өнерінің әр алуан үлгілерін көрсету арқылы мәдени мұраның сабақтастығын танытуға, металл өңдеу техникасы мен өнерінің тарихи дамуын ғылыми тұрғыдан жүйелеуге және көрерменді металл-сәндік дәстүрлерінің мәдени, діни және әлеуметтік құрылымдармен өзара байланысын түсінуге жетелейтінін атап өтті.

Сонымен қатар, Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты «Тас және металл дәуірі» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Сергей Захаров және өлкетанушы, тәуелсіз зерттеуші Антон Шатохин сөз алып, металл бұйымдарындағы бейнелеу мотивтері мен семиотикалық элементтердің тарихи-мәдени кезеңдердегі идеологиялық және мәдени трансформацияларға сәйкес өзгергенін, сол арқылы тарихи эволюциясын қалыптастырғанын айтып, осы саладағы қызықты зерттеулерімен бөлісті.

Экспозициялық материал бірнеше ақпараттық кешендер түрінде ұсынылды:

I. Қола кезеңіндегі (б.з.д. XIII–Xғғ.) сәндік метал бұйымдар. Бұл бөлімде қыз-келіншектердің әшекей бұйымдары: білезіктер, сырғалар, алқа және солярлық белгімен безендірілген шытыралар, айналар ұсынылады. «Күн бейнелері» (лунарные) ежелгі кезеңнен бастап әлем мәйегі және космостық жоғарғы әлем деген түсініктерімен сабақтас. Қола кезеңінде шеңбер ішіндегі свастика – бұл күнге қатысты символдар, дәстүрлі түрде от (жерлік және аспандық) белгілерімен байланыстырылады.

ІІ. Ерте темір дәуіріндегі көркем металл бұйымдар б.з.д. VIII – б.з. V ғ. Сақ тайпалары скиф-сібір «аң стилінің» қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Бұл стиль әлемдік өнер тарихындағы ең жарқын құбылыстардың бірі саналады. Аталмыш құбылыс бейнеленбейтін стилизацияның одан әрі дамуына кең мүмкіндік ашты. «Аң стилі» ежелгі көшпелілердің дүниетанымдық идеологиясына бағынған мифтік және магиялық жүйемен сабақтас еді. Экспозицияда ғұрыптық бұйымдар, қазан әшекейлері, белдік әшекейлері және т.б.

ІІІ. Ортағасырлық сәндік металл бұйымдар VI–XIV ғғ. Ортағасырдағы көркемделген металл Орталық Азия көшпелілерінің рухани дүниетанымы мен әлеуметтік мәртебесінің көрінісі; ол мифология, эпос, діни наным-сенімдік ұғымның, түркі мәдениетінің VI–XIII ғғ. өнерін зерттеудегі маңызды дерек көзі. Металдан сәнделіп жасалған бұйымдар өзінің пішімі және безендірілуі жағынан өнердің көрсеткіші. Экспозицияның бұл бөлігінде Зевакино, Бобров обаларынан атабылған белдік әшекейлері, сондай ақ, ат әбзелдері, ыдыс аяқ, шырағдандар, қола айналар және т.б. бұйымдарды көре аласыз.

IV. Жеке коллекция (б.з.д. VIII – б.з. XII ғ.). Көрмеде Жетісу аймағындағы ежелгі және ортағасырлық тұрғындарының мәдени дәстүрлері, эстетикалық талғамдары мен діни дүниетанымы туралы түсінік беретін бірегей артефактілер (жердің жоғарғы бетінен алынған материалдар) ұсынылады.

 

Жеке коллекциядағы материалдарды өлкетанушы, тәуелсіз зерттеуші, кәсіби археологтармен бірге еңбек етіп жүрген Антон Шатохин жинаған. Олардың қатарында ерте темір дәуірі (б.з.д. VIII – б.з. V ғ.), ортағасырларға (VII–XII ғғ.) жататын көркемделіп безендірілген металл бұйымдар бар.

 

75 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper