Анонс


Ақтөбеге «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» көрмесі келді

Жұма, 05 Қараша 2021 15:50
Ақтөбеге «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» көрмесі келді KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын насихаттау мақсатында археологиялық қазба жұмыстарынан табылған, тарихи құнды жәдігерлерден жасақталған «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» атты көшпелі көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шара барысында Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова Ақтөбе өңіріне келген Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі көшпелі көрмесінің ашылуымен құттықтады. Музейаралық және екіжақты әріптестік байланыстың одан әрі нығая беретінін айтып, Атырау музейінің директоры Рашида Хариповаға Алғыс хат табыстап, шығармашылық табыстар тіледі. Өз кезегінде Рашида Харипова музей ісін дамытуда осындай шаралардың маңызы зор екеніне тоқталып, Алтынай Юнисоваға Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаты мен «Қару-жарақтар коллекциясы» ғылыми каталогтарын табыстады. ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек те тілегін білдірді.

  Шара соңында лента қиылып, қонақтар көрмені тамашалады.   

— Көрмеге 1999 жылы Атырау облысының Жылой ауданындағы Аралтөбе қорғанынан табылған «Алтын адам» Сармат көсемінің реконструкциясы мен 2017 жылы Қызылқоға ауданы, Миялы қорғанынан табылған Сармат әйелінің реконструкциясы, музей қорындағы Сарматтар кезеңіндегі тарихи құндылықтар, ғасырдың қайталанбас археологиялық олжалары, қыш ыдыстар, жебе ұштары, темір семсер мен ақинақтар, моншақтар, қола, ерте темір және сарматтар дәуіріне жататын қола айналары, Сармат дәуірінің ескерткіштері, Қылыш, Борсық және Миялы қорғандарынан табылған алтын жапсырмалар, жебе ұштары, құмыралар және басқа да артефактілер қойылды.

  Көрмені 3-26 қараша аралығында келіп, қарауға болады.

 Ақтөбеліктер Сармат көсемі мен Сармат әйелінің реконструкциясы, Сарматтар кезеңіндегі тарихи жәдігерлерді, ерте Темір дәуірінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі көшпелілер өркениетінің қазыналарын, Аралтөбе қорғанына «Алтын адам» жерленгенін көре алады. Көрмеге қойылған жәдігерлер 1999 жылы Атырау облысында Батыс Қазақстан археология институтының ғылыми экспедициясы кезінде тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі археолог Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен табылды, — дейді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова.

 Ғалымдардың айтуынша, бұл жерлеу Сармат кезеңіне жатады. Сарматтар — біздің заманымызға дейінгі III ғасырда қоныстанған Иран тілді тайпалардың жалпы атауы. Біздің заманымыздың IV ғасырға дейін шығыста Тобыл өзенінен, батыста Дунай өзеніне дейінгі далада мекен еткен.

 Сармат көшбасшысын қалпына келтірген суретші-қалпына келтіруші Қырым Алтынбеков қорғандарда табылған және ежелгі авторлардың деректері бойынша жүргізген.

 

Сағымбек  ҰЛЫҚПАНОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері

1961 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper