Анонс


«Есік» қорық-музейінде «Армандар орындалады!» фотокөрмесі ұйымдастырылды

Сейсенбі, 18 Мамыр 2021 13:22
«Есік» қорық-музейінде «Армандар орындалады!» фотокөрмесі ұйымдастырылды KAZMUSEUM.KZ -  

18-мамыр халықаралық музейлер күні қарсаңында әйгілі археолог, сақ қорғандарының шырақшысы – Бекмұханбет Нұрмұханбетовтің туғанына 86 жыл толуына орай «Есік» қорық-музейінде «Армандар орындалады!» фотокөрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеде қорық-музей қорындағы археологтың өмір жолы мен еңбектерін көрсететін «Жастық шақ», «Сәулелі жылдар», «Орындалған арман» - тақырыптарын қамтыған  3 бөлімнен тұратын фотосуреттер ел назарына ұсынылады. Көрме ашылуында қорық-музей директоры Г.Р. Мухтарова Бекен атаның өмірбаяны мен бастан кешкен қызықты күндеріне қысқаша тоқталып, қорық-музейдегі бірге атқарған жұмыстар барысын еске алды.

Б.Нұрмұханбетовтің қазіргі таңдағы артында қалған мұрасын жинақтау, насихаттау жұмыстарын атқарып отырған шәкірттері - «Есік» қорық-музей ұжымы «ҚР Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының архиві» мекемесінің «Архив қорын толықтыру және ведомствалық архивтер» бөлімімен бірлесе  фотосуреттерін архивке тапсыру, электронды нұсқаларын әзірлеу жұмыстарын іске асыруда. Археологтың 100-астам фотосуреттерінің сипаттамалары жазылып, электрондық нұсқасы жасалды.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» - демекші артында іздеушілері мен шәкірттері тұрғанда Бекен атамыздың есімі ел есінде мәңгі сақталады деген ойдамыз. Көрменің онлайн нұсқасы 18-мамыр халықаралық музейлер күніне орай «Есіктегі музей түні» іс-шарасы барысында сағат 19:20–19:30 аралығында көрермендерге жол тартады. 

Сонымен қатар, аталмыш шара аясында қорық-музей экспозициялық залдарына виртуалды саяхат, «Атқа міну мәдениеті – дала өркениетінің мұрасы» атты көрмені таныстыру мақсатында тақырыптық экскурсиялар, қорғау аумағындағы тарихи-мәдени археологиялық ескерткіштер жайлы қысқаша бейнероликтер, Алтын адамның ашылуы мен зерттелу тарихына байланысты архивтік видеоматриал-сұхбаттар, Қырғыз Республикасы, Ош қаласынан «Сүлеймен-Тау» ұлттық тарихи-археологиялық музей кешенінің ұжымының қазақстандық әріптестерін құттықтауылары, Түркия Республикасы, Ыстамбұл қаласынан профессор Фетхие Ербай ханымның «Түркиядағы музей ісі жүйесі», Нури Өзер Ербай мырзаның «Ежелгі қалалар, ерекше қорғалатын аумақтар және ашық аспан астындағы музейлер», профессор – Мутлу Ербай ханымның «Сарай музейлері: Топкапысарайы» - тақырыптарындағы дәрістері мен көптеген деректі филімдер онлайн түрде әлеуметтік желідегі https://www.facebook.com/issykreservemuseum және @issykmuseum парақшалары арқылы, тікелей эфирде: сағат 18:00 – 00:00 аралығында, көрсетілетінін еске сала кетейік.

18-мамыр халықаралық музейлер күні құтты болсын. Бізбен бірге болыңыздар!

 

Әсел АМАРГАЗИЕВА

1430 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper