Анонс


Атқа міну мәдениетіне арналған көрме ашылды (ФОТО)

Сенбі, 17 Сәуір 2021 22:32
Атқа міну мәдениетіне арналған көрме ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

«Есік» қорық-музейінде  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығының аясында, 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні қарсаңында «Атқа міну мәдениеті  –  дала өркениетінің мұрасы» атты көрмесі  ұйымдастырылды.

Көрме экспозициясы энеолит дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі атқа міну мәдениетіне қатысты артефактілер мен қолданыстағы ат әбзелдерінен, ежелгі арбаның көркемдік реконструкциясынан, түркі дәуіріне тиесілі жебелі қылшаннан, тас бетіндегі сурет-петроглифтердің фотоларынан, Пазырық кілем көшірмесінен тұрады. Бұл эспонаттар мен музейлік заттар  «Есік» қорық-музейі, «Ботай» қорық-музейі мен Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі қорларының коллекциялары.

Көрме тақырыбына сай экспозициялық тақталары атқа міну мәдениетінің даму эволюциясын көрсететін ретпен орналастырылған. Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын дәлелдеген, энеолит дәуіріне тиесілі Ботай мәдениетіне қатысты материалдары қамтылды. Ботай ескерткішіне жүргізілген кешенді зерттеулер нәтижелері бойынша ғылыми еңбек жазған, осы ескерткішті 80-жылдардан бері зерттеп келген ғалым В.Зайберт. Ғалымның бұл еңбектері, аталмыш қоныстан табылған жылқы бас сүйегі, сүйектен жасалған тұрмыстық һәм ғұрыптық бұйымдар  көрме залына қойылды.

Жылқы адамзат өркениетіндегі, әсіресе, дала өркениетіндегі дамудың жарқын да елеулі көрсеткіштерінің бірі болғанын көрсететін сақ дәуірінің құндылықтары болып табылады. Шығыс Қазақстан мен Жетісу жерінен табылған  жылқы малына қатысты күнделікті тұрмыста қолднылатын әбзелдер мен жылқыға қатысты ғұрыптық бұйымдары сол дәуірдің ерекшеліктері мен жаңалықтарын көрсете білді. 

Дала өркениетінің құнды мұрасы, ұлы жаңалықтардың бірі үзеңгілі қатты ер-тұрманның ойлап табылуы. Әрі ол түркі дәуірінде жүзеге асып, адамзат баласының материалдық мәдениеті тарихының үлкен серпілісне әкелді. Көрме экспозициясында осы дәуірге тиесілі Жетісу жерінен археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған сулық, ауыздық, үзеңгі және т.б ат әбзелдерінің бөлшектері қойылған.

Көрме экспозициясының келесі тақтасында Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің коллекциясы қойылған. Мұнда ерлердің адам жасына қарай қолданылатын, жасалу әдісі мен материалына байланысты түрлері, жүген, тұсамыс, шідер және т.б жылқы жабдықтары бар.

Осылайша аталмыш көрме экспозициясы жылқының қолға үйретілуі атқа міну мəдениетінің негізін қалап, Ұлы дала өркениетінің ұлы жаңалығы болғанын,  адамзат тарихында келесі белестерінде рухани құндылықтарға ие болып отырғанын көрсетті. Жылқыны қолға үйретіп, мініс көлігіне айналдырудың арқасында көне қоғамның мәдени-тарихи көкжиегі кеңейе түскенін айқын көрсете білді. Әліде болса осындай ұлы мәдениеттің қаймағын бұзбай, көшпенділер ұрпағы ретінде сақтап келген қазақ халқы, жылқыны жеті қазынасының бірі, адал дос деп қадір тұтады.

Көрменің идея авторы - қорық-музейдің бас суретшісі Бектемиров Дәулетбек. Көрменің тұсаукесеріне  «Ботай» музей-қорығының ғылыми-қор жұмысы және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі – Амирова Сабина Кәрімқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң Тарих, археология, этнология және музеология кафедрасының доценті, т.ғ.к. – Омаров Ғани Қалиханұлы, аға оқытушысы Бауыржан Бесетаев, Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Шоқпаров Дәулет Дәркембайұлы, суретші-реставраторы Құрманғазы Қадыровтер қатысты. Көрме шымылдығын қорық-музей директоры Гүлмира Райылқызы ашса, экспозициясын қазақ және орыс тілдерінде қорық-музейдің бас қор сақтаушысы Ермек Жасыбаев пен аға ғылыми қызметкері Әсел Жақсылықбайқызы таныстырды.  

 

Әсел АМАРГАЗИЕВА, «Есік» қорық-музейінің қызметкері

2573 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper