Самаурындар сәндік безендірілуі мен қолданылуы тікелей байланысты өнертапқыштық туынды ретінде ұзақ та маңызды тарихқа ие. Самаурынға ұқсас құрылғылар антик заманда да белгілі болған. Мұндай «самаурындар» ежелгі Римде, кейіннен Азия мен Еуропада да таралған. Ал қазақ даласына самаурындар этномәдени байланыстар нәтижесінде, яғни сауда, айырбас, тарту-таралғылар түрінде келіп, біртіндеп тұрмысқа енген.
Ұсынылып отырған «Самаурының қайнасын...» (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің самаурындар коллекциясы) көрмесіне 50-ге жуық музейлік құндылық қойылған. Олардың қатарында самаурындардың кез-келген формадағы – «ваза» мен «шардан» бастап, «рөмке» мен «цилиндрға» дейінгі түрлерін кездестіруге болады. Тарихы терең Орта Азиялық шәугімдер, құмған-самаурындар, XIX ғ. басы – XX ғ. тулалық фабрикалар – ағайынды Баташовтар, Шемариндер, Н.А. Воронцов, Б.Г. Тейле, Я.В. Лялин, М.Слюзберг, Ф.Ермилов және т.б. фабрикаларда жасалған самаурындар ерекше қызығушылық тудырады. Шемариндер сауда үйінің фабрикалық маркасы бар, сыйымдылығы 30 литр ең үлкен самаурын мен 1926 жылы Қарқаралы жәрмеңкесінде сатып алынған самаурынды ерекше екшеп айтуға болады.
Көрмеге самаурындар коллекциясымен бірге сервиздер, ас үй құралдары, Қазақстанның фарфор зауыттарының өнімдері қойылды.