Анонс


Алматы облыстық музейінде «Сақ мәдениеті» көрмесі ашылды

Дүйсенбі, 09 Қазан 2017 01:50
Алматы облыстық музейінде «Сақ мәдениеті» көрмесі ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Есік» қорық-музейінің «Сақ мәдениеті» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Аталмыш көрме «Жетісу жартас суреттері», «Алтын адамның құпиясы», «Пазырық кілемі», «Өрнек олжалары» және «Ақсудың ақиығы – Бекен Нұрмұханбетов» сынды бес бөлімнен тұрады.

Шараға Алматы облысы мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының бөлім басшысы Қалқабаева Гүлмира Мәлікқызы, Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Келемсейіт Ермек Әбілмәжінұлы және ұйымның мүшелері Қалық Мұрат Шаяхметұлы, Алшабеков Таңатар Алшабекұлы, Өнербеков Берік, сондай-ақ І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік  Университетінің «Жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Департаментінің» директоры, з.ғ.к, доцент Болат Абдулдаұлы Сериев қатысты.

Көрменің ашылуымен құттықтап, алғысөз  сөйлеген Г.М. Қалқабаева: «Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың жуырда ғана жариялаған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», - мақаласына орай «Есік» қорық-музейінің қаламызға алып келген көрмесіне өте тәнті болып отырмыз. Себебі, баршамызға белгілі Жетісу жері ежелден-ақ адамзаттың алтын бесігі болған аймақтың бірі. Сол аймақтың тарихи  мұраларын зерттеп-зерделеуде  «Есік» қорық-музейі біршама елеулі істер атқарып келеді. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған осынау «Сақ мәдениеті» көрмесі Жетісу жерінің көне тарихынан сыр шертіп қана қоймай, музейаралық байланыстар нығайтуға үлкен септігін тигізері анық», - деп өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. 

І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік  Университетінің «Жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Департаментінің» директоры, з.ғ.к, доцент Болат Абдулдаұлы Сериев болса «Бүгінгі  таңда алдымызға мақсат етіп қойып отырған рухани жаңғыру қалай іксе асады? Ол үшін еліміздің кез-келген азаматы өзін іштей жаңғыртуы тиіс. Ал, ол жаңғыру өткеніңді таразылау, тарихыңды, тегіңді тану, ел-мен жер тарихынан мол хабардар болу арқылы жүзеге асады. Ондай таным ең әуелі туған жеріңнің тарихынан молынан хабардар болу арқылы қалыптасып, әрбір азаматтың көкірегіне туған жерін сүю, туған тарихын, дәстүрін сүю, елін, жерін құрметтеу сезімін сіңіреді. Жетісу жерінің көне тарихынан сыр шертетін росынау көрмені біздің университет студенттері  бір ай бойы келіп тамашалайтын болады», - деп түйіндеді.

 «Есік» қорық-музейінің ғалым-хатшысы Досым Қуатұлы Зікірия ашылу салтанатына жиналған музей қонақтары мен қызметкерлеріне  «Сақ мәдениеті» көрмесінің мақсаты мен ерекшеліктері туралы әңгімелеп, көрме экспозициясы бойынша толық экскурсия жүргізді.   

Көрменің ашылуына орай ұйымдастырылған «Ашық есік» күніне мәдениет саласындағы барлық мекемелердің қызметкерлері,  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік  университетінің студенттері және  қала мектептерінің оқушылары болып жалпы саны - 120 адам қатысты. Келушілерге қазақ және орыс тілдерінде  экскурсиялар жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік аталмыш көрме Талдықорған қаласы мен қала қонақтары үшін 03 қазан – 03 қараша аралығында бір ай бойы қызмет көрсетеді.

 

Досым Зікірия

«Есік» қорық-музейінің

ғалым-хатшысы

 

17875 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper