Көрменің ашылу салтанатында Ұлттық музейдің Бас қор сақтаушысы Бекталиева Рыскүл: «Бүгінгі көрмені тұсаукесер көрме деп атауға болады. Себебі біз тұңғыш рет Ұлттық музейдің қорында сақтаулы тұрған жәдігерлерден жеке көрме қойып отырмыз. Қор – музейдің жүрегі. Қорда сақтаулы тұрған жәдігерлердің көрмеге қойылуы музей жұмысының жанданып жатқанын көрсетеді. Ал көрме экспозициясына келер болсақ, көрмедегі заманауи сәндік-қолданбалы өнер туындыларының қатарынан гобелендерді ерекше атап өтуге болады. Қазақстанның бүгінгі гобелен өнерінде ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін сипаттау кеңінен көрініс тауып отыр» – деп, көрменің маңыздылығына тоқталып өтті.
Көрмеге М. Әбідрахмановтың қынапты пышағы, Г. Ивановтың алқа және білезігі, А. Лапачтың мойын әшекейлері, жүзігі мен сырғалары, А.Христованың омырауша әшекейлері мен білезіктері және Фаберже сыйлығының иегері Б. Әлібайдың зергерлік бұйымдары қойылды.
Қазақстан территориясындағы өзіндік дәстүрі мен технологиясы ғасырлар бойы қалыптасып, бағзы замандардан халықпен бірге жасасып келе жатқан өнер – халықтың сәндік-қолданбалы өнері. Бұл өнер атадан балаға мұра болып қалып отырған.
Қазақ сәндік-қолданбалы өнері халықтың өмір сүрген көшпенді өмір салтымен, кәсіби суретшілер мен қолөнершілердің қызметімен тығыз байланысты. Ағаш шеберлері, зергерлер, қолөнер шеберлері күнделікті өмірде практикалық тұрғыда қолданылатын дүниелер жасады. Яғни, қазақ сәндік-қолданбалы өнері тұрмыстық бұйымдармен, тіпті халықтың өзіндік тұрмысымен бірігіп кетті десек те болады.
Зергерлік өнер халықтың арман-мұраты, талғамы, көркемдік және материалдық құндылықтарының деңгейі айқын да ашық көрініс табатын өнер ретінде қазақ халқының ұлттық мәдениетінен ерекше орын алады.
Гобелен Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнерінде маңызды орын алады. Гобелен өнерінің қарқынды дамуы ХХ ғасырдың 70-ші жылдарынан басталды. Замануи Қазақстандық гобелен өнері кең көлемді бейнеленуі мен стилистикалық бағыттары арқылы ерекшеленеді. Бұл ерекшеліктер
А. Ахметовтың, М. Ержановтың, А. Бекқұлованың, А. Сүлееваның,
Н. Өтеповтың кенептерінен көрініс тапқан.
Мүсін өнерінде А. Назарқұл, Ю. Буштрук, С. Исщанов, Н. Нұрбатыров, В. Рахманов, Ш. Төлеш сынды замануи авторлар өз ізденістерінде кеңістіктегі жеңілдік пен пластикалық мәнерлілікке қол жеткізуге талпыныс жасап жатыр. Бұл өнер түріне стилдік шешімдердің әралуандығы мен әртүрлі материалдардың бар мүмкіндігін пайдалана отырып жетілдірілу тән.