Анонс


Эрмитаж музейі І Николайдың коллекциясын Астана қонақтарына ұсынды (ФОТО) Таңдаулы

Сәрсенбі, 05 Шілде 2017 01:51
Эрмитаж музейі І Николайдың коллекциясын Астана қонақтарына ұсынды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне орайластырылып «Шығыс және Батыс: Ресей мемлекеттік Эрмитажының қорынан көне қару-жарақ» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрменің хронологиялық шеңбері қару-жарақ қолөнерінің ауқымды тарихи кезеңін, XV ғасырдан бастап XIX ғасырдың соңына дейінгі аралықты, яғни 400 жылдан астам уақытты қамтиды.

Көрмеде 70-ке жуық қару-жарақ өнерінің туындылары қойылған. Олардың ішінде Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания  және т.б. елдердің соғыс, аңшылық және салтанатты қарулары бар.

Ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара  Әбдіқалықова, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмас Нұразхан, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Жәкен Таймағамбетов, Мемлекеттік Эрмитаж музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Георгий Вилинбахов, Мемлекеттік Эрмитаж музейінің қару-жарақ өнері кафедрасының меңгерушісі Юрий Ефимов қатысты.

Ресей мемлекеттік Эрмитажының ежелгі қару-жарақ топтамасы XIX ғасырдың бас кезінен қалыптасқаны белгілі. Император І Николайға бала кезінде алғаш рет түрік қылышы сыйға тартылады. Осыдан кейін жас ханзада қару-жараққа қызығып, олардың әр түрін жинай бастайды. 1834 жылы жиналған қару түрлерінің топтамасына арнайы қамал түрінде ғимарат салғызып, барлығын сонда көшіреді. 1850 жылы жан-жақтан әкелінген қару түрлері 5000-нан асқан. 1856 жылы Александр ІІІ шешімімен жәдігерлер Эрмитажға көшіріліп, 1888 жылы алғашқы экпозиция ашылған.

РФ Мемлекеттік Эрмитаж музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Г.В. Вилинбахов:  

РФ Мемлекеттік Эрмитаж музейі жақында өзінің 250 жылдығын атап өтті. Қазіргі кезде музей мамандары Эрмитаж қорын одан әрі байыту үшін, Ресей аймағында, Кавказ, Орта Азияда жиырмаға жуық экспедиция жүргізіп жатыр. Эрмитаж – ауқымды, қоры бай, үлкен музей. Сондықтан бізге Қазақстандағы жас, Ұлттық музеймен, жұмыс істеу, тәжірибемен бөлісіп, болашақта музей ісі жөнінен жаңа мүмкіндіктер қарастыру қызықты болмақ», - деп пікірін білдірді.

Көрме экспонаттары қару-жарақ шеберлерінің сәндік-қолданбалы өнердің дамуына қосқан үлесіне баға беруге, сол сияқты қару-жарақтың үздік үлгілері арқылы олардың іскерлігі мен сұлулығының үйлесу жарасымдылығын көрсетеді. Қару-жарақ зерінде техникалық жабдықтарының дамуы мен жоғары мәдени деңгейі музейге келушілерді таң қалдырады. Көрсетілген бұйымдар өзінің практикалық маңыздылығын жоғалтып алса да, оларды безендірудің жоғары мәдени деңгейі қару-жарақтың тарихы мен дамуы және бұрынғы қару-жарақ ұсталарының таланты мен шеберлігі туралы айтып береді.

Көрме 20 қыркүйекке дейін жалғасады. 

16543 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper