Анонс


Ұлттық музей Жеңіс тақырыбына арналған екі көрменің ашылуын өткізді

Жұма, 05 Мамыр 2017 01:34
Ұлттық музей Жеңіс тақырыбына арналған екі көрменің ашылуын өткізді KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Жеңістің 72 жылдығына арналған әскери-тарихи минидиарама және  «Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтар», «Ұлы Отан соғысының ардагерлері Х. Доспанова, М. Мәметова, Т. Бигелдинов, Ә. Нұршайықовтардың туғанына 95 жыл» атты  екі көрменің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Шара барысында ҚР Ұлттық музей қорынан алынған Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы жәдігерлер, жеке заттар мен фотоқұжаттар, сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық батырларға арналған кітап көрмесі өтті.

Аталмыш іс-шара барысында ҚР Ұлттық музейі «Қазақстан тарихы» бөлімінің қызметкері Серік Әбдірахманов жасаған әскери-тарихи миниатюраларының диорамалары көрсетілді.

Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Леонид Владимирович Кочетов:

«Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына да 72 жыл өтті. Бірақ, Ұлы Жеңісімізді ұмытпайтымыз секілді, соғыс салған қасірет те, сол соғысқа қатысқан жауынгерлер де ешқашан ұмытылмақ емес және олардың ерлігі бүгінгі жауынгерлердің жүрегіне жігер құяры сөзсіз. Бұл күн, Жеңіс күні – алдағы талай ұрпақтың мерекесі болып қала береді. Бүгінгі музейдегі бұл шара елімізде тойланатын үлкен мерекенің бастамасы ғана», - деді.

Іс-шараға Астана қаласы ардагерлер кеңесінің өкілдері, тарихшылар мен ғалымдар, музей қызметкерлері және оқушылар мен студенттер қатысты.

Ардагерлер ұйымының төрағасы Өмірзақ Озғанбаев:

«Ұлды әкесінен, қызды шешесінен, ініні ағадан, жарды жұбайынан  айырған бұл соғыстың қасіреті тым ауыр. Ел басына күн туған сын сағаттарда азаматтарымызбен қоса қазақ қыздары да қолына қару алды. Осылай біздің қайсар қыздарымыз жақсы жар, жақсы ана ғана емес ел қорғаушы батыр бола алатынын да дәлелдеген еді. Бүгінгі көрме біз ардақ тұтатын осы батырларымыздың өмірінен хабар береді. Ол қасіретті толықтай сезіндірмесе де, бүгінгі жастардың рухын оятуға арналған игі шара болып табылады», - деді.  

Шараны ҚР Ұлттық музейінің «Қазақстан тарихы» бөлімі, ғылыми кітапхана және экпозициялық көрме қызметі ұйымдастырды.

2887 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper