«Art Sapar art of Kazakh eli» көшпелі көрмесін ұйымдастырушы, суретші Анар Әубәкір:«Бұл Елордада ұйымдастырылып отырған екінші көрме. Біздің топтың мүшелері көрмеге өте тыңғылықты дайындалды. Себебі бүгінгі көрменің біз үшін маңызы ерекше. Осы көрмеде туындылары қойылған суретшілердің барлығын елге, ұлтқа, дәстүрге деген сүйіспеншілік бір мүддеге тоғыстырады. Көрменің атын «Қобыз дала» деп қоюымыз да қазақ музыкасына деген құрметтен туындап отыр» – деп, көрменің маңыздылығына тоқталып өтті.
«ARTSAPAR» – бұл жас суретшілер тобы. Оның басты қызметі заманауи өнерді көшпелі көрмелер арқылы дәріптеу және дамыту, Еуразия суретшілерінің арасында шығармашылық диалог орнату болып табылады.
«Art Sapar art of Kazakh eli» жобасына қатысушылардың арасында Анар Әубәкір, Наталия Баженова, Гүлмарал Тәтібаева, Бауыржан Досжан, Алмас Орақбаев, Бейбіт Әсемқұл, Талғат Жұмағұл, Жанна Нөгербек, Бағдат Сәрсенбиев, Данияр Сарбас, Мәдина Нарбаева сынды Қазақстанның жас суретшілері бар.
«Қобыз дала» көрмесі кезінде текеметті жасау технологиясы мен оюлау ерекшеліктері туралы лекция, тақырыптық туынды жасайтын арт-сейшн, мүсін жасау бойынша шеберлік сыныбы т.б. көрермендерді қызықтыратын әртүрлі шығармашылық эксперименттер жасалады.
«ArtSapar» қоғамдық көркемөнер бірлестігіне мүшесуретшілер өздерінің жеке авторлық жолдарын іздейді және бір-бірін шығармашылық жағынан байыта түсетін тәжірибемен алмасады. Олардың шығармашылық ұстанымдары – сұлулық пен үйлесімділік заңдарына сүйене отырып іздену, қалыптастыру.
«ArtSapar» қоғамдық көркемөнер бірлестігінің жұмысын суретші Анар Әубәкір жандандырып отыр. Жоба Қазақстанда 85 жыл бұрын өткен алғашқы көшпелі көрменің жалғасы ретінде, суретшінің туған қаласы Павлодарда 2013 жылы басталды. Көшпелі көрме, жергілікті және шетелдік суретшілердің туындыларын таныстыру арқылы, үнемі өз экспозциясын байытып келеді. ARTSAPAR қоғамдық көркемөнер бірлестігі құрылғаннан бері Семей, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Терміртау, Көкшетау, Петропавл, Өскемен, Ақтау қалаларында бірқатар көрмелер өткізді.
Көрме 2017 жылғы 22 мамырға дейін жалғасады.