Салтанатты шарада сөз алған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Жәкен Таймағамбетов: «Барлықтарыңызға белгілі, Ұлттық музей жер бетіндегі адамзат өнері мен мәдениетіне қатысты мұралардың барлығына аса ілтипатпен және құрметпен қарайды. Сонымен қатар біз олардың белгілі мөлшеріне өз аумағымыздан орын беріп те келе жатырмыз. Осы уақытқа дейін біз әлемнің көптеген талантты суретшілері мен мүсіншілерінің туындыларының көрмелерін өткізген болатынбыз. Ал бүгінгі кездесудің маңызы айырықша. Себебі, Өзбекстан мен Қазақстан туысқан, бауырлас елдер. Қазақ пен өзбектің тарихи-мәдени туысқандығы сонау көне ғасырлардан бері үзілмей жалғасып келеді. Біз мұндай байланысты бұдан былай да жалғастырамыз деген ниеттеміз» -- деп, екі ел арасындағы тығыз мәдени байланыстың барын атап өтті.
Көрмеге ХХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХІ ғасырдың басындағы Өзбекстанның заманауи суретшілерінің 60-тан астам көркем туындылары қойылды. Бұл ұлттық өнер дәстүрлерінің еуропалық постмодернизм дәстүрімен және өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы «өзбек авангарды» деп аталатын Өзбекстанның көркем суреті мен синтезі.
Заманауи өзбек шеберлерінің жанрлық кенептерінде нақты тарихи оқиғалар, өмірлік құбылыстар және олардың философиялық мағыналары бейнеленген.
Көрменің ашылу салтанатына Өзбекстан Республикасы Елшілігі және Өзбекстан Көркемөнер академиясының өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты.