Анонс


Әлемнің танымал музейлері «EXPO-2017» шарасы кезінде Ұлттық музейде көрме өткізеді Таңдаулы

Дүйсенбі, 06 Ақпан 2017 03:09
Әлемнің танымал музейлері «EXPO-2017» шарасы кезінде Ұлттық музейде көрме өткізеді KAZMUSEUM.KZ -  

«EXPO-2017. ASTANA» көрмесі кезінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі халықаралық деңгейдегі шараларды ұйымдастыратын болады, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты. Назарларыңызға Ұлттық музейде өтетін шаралардың легін ұсынамыз.

2017 жылғы 6 маусым мен 10 шілде аралығында ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ерболат Төлепбайдың жеке көрмесін өткізу жоспарланған. Көрмеге Е. Төлепбайдың шығармашылығының әр кезеңдерінде жасаған көркем туындылары қойылады.

Суретшінің картиналары еуропалық және азиялық дүниені сезінуді үйлесімді біріктіре отырып, ұлттық ерекшелігін сақтап қалған.Оның туындыларындағы көпмағыналы, пәлсапалық және кей-кейде қайғылы мәнмәтін дәстүрлі тақырыптарды талдап істеу арқылы туындайды. Қазақстанның жері мен адамдары, даласы мен қаласы, өткені мен бүгінгісі, адамға деген сүйіспеншілік және өз жеріңе деген жауапкершілік мәселелері суретші жұмыстарының басты тақырыптары болып табылады. Суретшінің туындылары Мемлекеттік Третьяков галереясында, Ресей Федерациясының мемлекеттік музейлерінде, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде (Алматы), Қазақстан Республикасының облыстық музейлерінде, Қазақстан, ТМД, Еуропа, Америка, Азияның жеке топтамаларында сақтаулы.

 

2017 жылғы 8 маусымнан 10 қыркүйекке дейін Қытайдың «Император Цинь Шихуандидің «Терракот әскері» музейінің көрмесі өтеді.

«Терракот әскері» - Сиань қаласындағы Цинь Шихуанди императордың кесенесі жанындағы 8099 қытай жауынгерінің және олардың аттарының өлшемі сақталған мүсіндері қабірінің атауы.Мүсіндерді 1974 жылы жергілікті шаруалар Лишань тауының шығыс жағынан артезиан ұңғымасын қазып жатқан кезде тапқан. Тарихи деректер бойынша, Цинь Шихуанди таққа отырғаннан бір жылдан кейін ж.с.д. 246 жылы өзінің мазарын сала бастайды. Оның ойы бойынша мүсіндер оған ана өмірде серік болып жүруі тиіс.

Саздан жасалған әскер император мазарының шығысында параллель табыттарда 1,5 км бойы сапқа тізіліп жатыр. Жауынгерлердің мүсіндері өнер туындысы болып табылады, өйткені олардың әрқайсысы жеке-жеке тәртіппен әртүрлі тәсілдерді қолдану арқылы қолдан жасалған. Әрбір жеке мүсіннің кескіні, тіпті бет келбеттері де қайталанбайды. Көрмеге 50-ге жуық археологиялық бұйымдар қойылады. Олардың қатарында әскерлердің мүсіндері, қару-жарақтар, жабынқыштар, ыдыс-аяқтар, алтын және күміс әшекейлер бар.

 

2017 жылғы 3 шілде мен 20 қыркүйек арасында «Эрмитаж күндері» және Мемлекеттік Эрмитаждың топтамасынан қару-жарақ өнерінің көрмесі өтеді.

Көрме келушілерді Эрмитажда ұзақ жылдар сақталып келе жатқан қару-жарақтардың бірегей үлгілерімен таныстырады. Көрмеге Батыс және Шығыстың қару-жарақ өнерінің 70-ке жуық туындысы қойылады. Бұлар - Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания және т.б. елдердің соғыс, аңшылық және салтанатты қарулары. Көрменің хронологиясы XV ғасырдан XIX ғасырдың соңына дейінгі аралықты қамтиды.

Көрме экспонаттары қару-жарақ шеберлерінің сәндік-қолданбалы өнердің дамуына қосқан үлесіне баға беруге, сол сияқты үздік үлгілер арқылы олардың техникалық жетілгендігін және көркемдік жабдықтарының байлығын көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл бұйымдар баяғыда қолданыстан шығып қалған, алайда олардың құндылығы бұрынғы қару-жарақ жасаушылардың таланты мен шеберлігінне дәлел болады.

Айта өтейік, «EXPO-2017.ASTANA» көрмесі кезінде Ұлттық музейде өтетін шаралардың жоспарында өзгерістер немесе қосымша басқа да шаралар ұйымдастырылуы мүмкін. Сондықтан өзгерістер мен қосымша жоспарлар туралы білгіңіз келсе сайтымызды қарай жүріңіздер. Аталған көрмелерді тамашалауға арналған билеттердің сатылатын уақытын қосымша хабарлайтын боламыз.

«EXPO-2017.ASTANA» көрмесінің музей ісіне қатысты өзге де ақпараттарын «Музей  және EXPO-2017» сілтемесінен оқи аласыздар.

 

3406 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper