Көрмені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Бейбітқали Қақабаев ашты.
Көрменің ашылуына келген құрметті қонақтар – грек-рим күресінің палуаны, Халықаралық спорт шебері, КСРО-ға Еңбегі сіңген спорт шебері, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы және Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстандағы алғашқы КСРО-ға Еңбегі сіңген спорт жаттықтырушысы, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Май Хван,Қазақ КСР-іне Еңбегі сіңген спорт жаттықтырушысы, самбодан алғашқы қазақстандық халықаралық дәрежедегі төреші, профессор, Қазақ спорт және туризм академиясы күрес кафедрасының меңгерушісі Михаил Шепетюк сөз алды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Мәдени-білім жұмысы орталығының музейлік педагогика секторы қызметкерлері Алматы қаласындағы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға арналған музей қорының коллекциясы негізінде құрылған «Қазақстан спортының тарихы» көрмесі аясында 5-7 сынып оқушыларына қазақ және орыс тілдерінде мәдени-білім беру бағдарламасын әзірледі. Мақсаты – Қазақстан спортының даму тарихымен таныстыру мен отандық спортшылардың жетістіктерін насихаттау.
Көрменің ашылуы күні №96 жалпы білім беретін мектеп және №24 физикалық-математикалық лицей оқушылары үшін XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға арналған жедел-сауалнама мен «Қазақстан спортының тарихы» көрмесі экспозициясының негізінде құрастырылған 8 Зияткерлік интерактивті ойын-викторинасы жүргізілді. Жеңімпаз топтарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі атынан мадақтама және кәдесыйлар берілді.
Көрме Универсиада өтетін уақытта және оқушылардың қысқы демалыс кезінде 26 наурызға дейін жұмыс істейді.