Экспозицияға суретшінің 140 –тан астам кескіндеме туындылары қойылады.
Иван Иванович Ролдугин 1926 жылғы 19 қаңтарда Воронеж облысының Грязи қаласында дүниеге келген. Бала кезінен сурет салуды ұнатқан И.Ролдугин соғыстың кеселінен өзінің суретші болу арманын орындай алмаса да, ғылыми зерттеу экспедицияларында ғажайып табиғат көріністерін, әр түрлі образдарды салып жүрген. Соғыс тақырыбына арналған эскиздері мен шағын суреттері де сақталған.
Суретшінің шығармашылығында суретшінің сүйікті қаласы Алматының көріністері орын алады. «Ескі жылыжай», «Алматы төңірегінде», «Ақсай шатқалы», «Есік өзенінің шатқалы», «Ботаника бағындағы емен саяжолы» картиналары соның айғағы.
И. Ролдугин натюрморт жанрындағы «Табиғат сыйы», «Жемістер», «Көкөністер» атты жұмыстарында оңтүстік Қазақстан өңірінің табиғатының байлығын көрсетеді. Экспозицияда гүлдер сериясын да тамашалай аласыздар!
Көрме 2017 жылғы 20 қаңтарында сағ. 16.00-де (Желтоқсан көшесі, 137 үй) ашылады.