Анонс


Жеке мұрағатында бір миллионнан аса фотосуреті бар фотограф Ұлттық музейде көрмесін ұйымдастырды (ФОТО) Таңдаулы

Жұма, 06 Қаңтар 2017 02:21
Жеке мұрағатында бір миллионнан аса фотосуреті бар фотограф Ұлттық музейде көрмесін ұйымдастырды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ҚР Ұлттық Ұланының фототілшісі Вячеслав Гельблингтің «Ұлттық Ұлан Тәуелсіздік күзетінде» атты жеке фото көрмесі өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.  

Шараға ҚР Ұлттық Ұланы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Мұхамедқали Құсайынұлы, Ұлттық Ұланның ардагерлер Кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиакпар Тоқышевжәне 5573, 6636, 3660  әскери бөлімдерінің жауынгерлері қатысты.

 Көрме Елбасы Жарлығымен жасақталған Ішкі әскердің, қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының құрылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Шара барысында сөз алған Ұлттық Ұланның ардагерлер Кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиакпар Тоқышев: «Вячеслав Гельблингтің бұл көрмесіҰлттық Ұлан құрылғалы бергі оның жасаған еңбектерінің айнасы іспетті. Және бұл фотосуреттерден тек өткенімізді ғана емес, сондай-ақ, болашағымызды да танып білуге болады. Осы көрме арқылы ел тыныштығын күзеткен сарбаздарымыздың өмірі, ерен еңбегі кейінгі өскелең ұрпаққа да үлгі бола алады деуге толық негіз бар», - деп көрменің маңызын атап өтті.  

Ал өзінің еңбектері жөнінде автор Вячеслав Гельблинг: «Мен ең алдымен фотографтан бұрын, Отан қорғаушысымын. Одан кейін, сол ел қорғаушыларының фотошежіресін жасаушымын. Бұл көрмеге біз соңғы бес жыл бойы дайындалдық. Үлкен дайындықпен, толқыныспен жасалған дүние болды. Мен автор ретінде осы туындыларымның ел назарына ұсынылуы үшін атсалысқан барша жандарға алғысымды айтамын» деді.

Құқықтық тәртіп әскерінің бас фототілшісі Вячеслав Гельблингтің фотоаппаратының объективіне түспеген оқиға, нысан кемде-кем. Соңғы 15 жыл бойында қазақ әскерінің фотошежіресін қаттауда өз ісінің кәсіби шебері, майталман фототілші запастағы прапорщик В.Гельблингтің сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ол түсірген фотосуреттердің көпшілігі қазір жұртшылық аса бір сүйіспеншілікпен әрі ілтипатпен тамашалайтын тарих еншісінің жарқын бір сәтін бейнелеген айшықты фото туындыларға айналды. Оның жеке мұрағатында бір миллионнан аса фотосурет сақтаулы. Солардың ішіндегі ең маңызды оқиғаларды бейнелейтін репортаждық фотосуреттері «Ұлттық Ұлан Тәуелсіздік күзетінде» атты көрмеде ұсынылды.

Көрме 12 қаңтарға дейін жалғасады.

2164 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper