Шараның негізгі мақсаты – іргелі еліміздің Тәуелсіздігін ұлықтау, Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан дарынды, жастардың шығармашылық өнерін насихаттау, жаңа есімдерді қалың жұртшылыққа таныстыру және елдің мәдени дамуына қомақты үлес қосатын жас өнерпаздардың бастамаларына қолдау көрсету, өскелең ұрпақ бойына өнер мен мәдениетке құштарлық, азаматтық белсенділік, өз ойын өнер арқылы жеткізе білу сынды қасиеттерді сіңіруге атсалысу.
Еліміздің талантты жас қылқалам шеберлері бейнелеу өнерінің түрлі жанрындағы жұмыстарын ұсынды. Олар – пейзаж, натюрморт, тарихи және тұрмыстық жанрдағы картиналар, скульптуралар мен қыш бұйымдары. Сонымен қатар қазіргі заманғы нышанда жасалған қолданбалы өнер туындылары: текемет, гобелен, ший, сырмақ және тағы басқа көптеген қолөнер туындылары көрермен назарына қойылды. Ұсынылған жұмыстар ұлттық сюжетті қамтып, мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттайды.
Жас суретшілер өз шығармашылықтарында ел тәуелсіздігінің басты тақырып болғанын баяндап, іргелі еліміздің өнері мен мәдениетіне өз үлестерін қосатындарына сенімдерін білдірді.
Дөңгелек үстелде Тәуелсіздік – ол ұлттық мемлекеттілік, оның тамыры – жасампаздық рух, ұраны – ел мен халық екені аталып өтті. Олай болса, өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстанның 25 жас суретшілері қазақ өнерін барынша насихаттап жаңа әлемнің жаңалықтарына, жақсылықтарына ұмтыла бермек.
Алмагүл Қажымұрат
«Астана» Ұлттық сурет галереясының ғылыми қызметкері