Анонс


Беларусь суретшісі сула дәстүрі туралы көрмесін ұсынды

Дүйсенбі, 21 Қараша 2016 14:20
Беларусь суретшісі сула дәстүрі туралы көрмесін ұсынды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Беларусь Республикасы Елшілігінің қолдау көрсетуімен белгілі суретші Марина Батюкованың «Сула. Дәстүр жалғастығы» көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Фотосуретші Марина Батюкова — Беларусь суретшілер одағының мүшесі, ол осыған дейін де өзінің көптеген жеке көрмелерін өткізген. Осы жобаны жүзеге асыруға үш жыл  уақыт кеткен.

Оның кейіпкерлері – заманауи өмір сүріп жатқан қазіргі село тұрғындары. Алайда көктемгі мереке кезінде барлық деревнялар мен селолардағы әйелдер дәстүрлі киімдерін киіп әндете және салттық сөздерін қайталай отырып астық алқабына барады. Сол жерде олар хормен ән сала жүріп жерге «суланы» көму арқылы бүлдіруші қара күшті тығып тастайды. Әйелдер масақ-тұмарды жұлу арқылы жақсылықты, байлықты, табысты жинайды. Жердің бетіне қара бидаймен сырғанау арқылы оның күш-қуаты мен саулығын өзіне алады. «Жебені жүргізу және көму» дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалды емес мұраларының тізіміне кірген.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай көрмеге келген қонақтарға алғыс айтып, көрменің ерекшелігіне тоқталып өтті.

 «Белсенді атсалысқаны үшін Беларусь Республикасының Елшілігіне зор алғыс айтамын. Біз барлық халықтардың, оның ішінде белорусь халқының да әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне үлкен құрметпен қараймыз. Осы көрменің Ұлттық музейде өтіп жатқаны біз үшін қуаныш, бұл екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты білдіреді. Марина Батюкованың шығармашылық ізденістерінің жалғасын осы музейден әлі де көреміз деп ойлаймын», - деді Д.Мыңбай.

Беларусь Республикасы Ұлттық тарих музейінің ақпараттық-көрме жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Татьяна Геннадьевна Шкляр өз сөзінде осы бірлескен жоба жайлы айтып өтті.

 «Назарларыңызға ұсынып отырған жоба – «Сула. Дәстүр жалғастығы» - бұл  Беларусь Республикасы Ұлттық тарих музейі мен Беларусь суретшілер одағының мүшесі Марина Батюкованың бірлескен жобасы. Бұл жоба алғаш рет 2016 жылы Минск қаласында таныстырылған. Ал бүгін біз оны алғаш рет өз музейіміздің қабырғасынан тыс жерде жұртшылық назарына ұсынып отырмыз. Біздің негізгі әріптесіміз болып табылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде осындай бірлескен іс-шара өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Бұдан әрі де әріптестігіміз жалғаса береді деп үміттенеміз», - деді Т.Шкляр.

Көрме 26 қарашаға дейін жалғасады.

7074 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper