Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай жас суретшінің таланты мен еңбекқорлығын ерекше атап өтті.
«Ұлттық музей талантты жас өнер иелеріне үнемі қолдау білдіріп келеді. Ел болашағы жастарды қолдау – тек Ұлттық музейдің ғана емес Тәуелсіз мемлекетіміздің Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың да негізгі ұстанған бағыты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында талай талантты жастар шықты. Солардың арасындағы шоқтығы биік бір тобының ішінде бүгінгі көрме иесі Анар Абжанованың да есімі ерекше аталады. Анар біріншіден, талантымен, екіншіден, еңбексүйгіштігімен көптеген жетістіктерге қол жеткізген», – деді Д.Мыңбай.
Анар Абжанова 2007 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «Станоктік кескіндеме» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Суретші өзінің жастығына қарамай, бірнеше рет лауреат атағын алды және The Artist's Magazine 30 th, (АҚШ), «Ең үздік акриль кескіндеме» (АҚШ), «Factors of Visual Art» (Нью-Йорк) сынды беделді халықаралық байқаулардың марапаттарын иемденді. Анар Абжанова «Әсем» өнер салоны (Скотсдаль, Аризона), New York Realism Fine Art «Factors of Visual Art» Бейнелеу өнері көрмесі, «Art Curated Classic Septermber Prize» (Сантьяго), Тайвань өнерінің «Art Revolution Taipei» көрмесі, Азияның «Para Art Tokyo» көрмесі (Токио) және т.б. халықаралық көрмелерге белсене қатысты.
Кескіндеме және гарфиканың техникалық әдістерін шебер меңгерген ол құрылысы және түсі бойынша әдеттен тыс әсем және эмоцияға бай күтпеген және біртума туындылар жасайды. Оған қала тіршілігі де, мүлгіген тыныштық орнаған жазира дала да, шаңқай түстегі жарық та, ымырт жабылған кездегі көмескі түстер де, жаздың аптап ыстығы да, қыстың қытымыр аязы да бірдей қызықты. Суретшінің пейзаждарын қараған кезде суреттер мыңдаған күн шуақтарынан, үнемі өзгеріп тұратын нәзік пішіндердің, көлеңкелердің тізбегінен тоқылғандай әсер береді. Анара Абжанова жұмыстарын өзіне тән және танымал нақышпен жасайды. «Тау гүлдері», «Сакура», «Жасыл бақ» картиналарында бастан өткерген сезімдердің сұлулығы, романтикасы және сәттері бейнеленген. «Кешкі әсер», «Қарағай орманындағы таң» пейзаждары ғажап сыршылдығымен ерекшеленеді.
Ал «Қысқы көңіл-күй», «Шуақты күн», «Дала әуені» суреттерінен көп жарық, ауа және еркіндік сезіледі. Суретші өз картиналарында барлық осы сезімдерге үндестік ерекшеліктерінің алуан түрлілігін пайдалана отырып шебер де тамаша реңдік шешімдермен қол жеткізеді. Анара Абжанованың әрбір жұмысы суретшінің ішкі драматургиясын, құпиясын аздап ашыңқырайды және адамның рухани құндылықтарын түсінудің кілті іспетті.
Көрме 10 желтоқсанға дейін созылады.