Келушілердің назарына «Ұлттық музейге саяхат» және 3Д графикалық видеороликтері ұсынылды. Жергілікті тұрғындар Тәуелсіз Қазақстанның брендіне айналған еліміздің ең құнды жәдігерлерінің бірегейі «Алтын адамды» тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, Ұлттық музей атыраулықтардың назарына 10 шедеврін ұсынды.
Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен іс-шара «Музейдегі түн» акциясына ұласты.
- Біздің «Музейдегі түн» акциясын ұйымдастырудағы мақсатымыз – тәуелсіздіктің символы «Алтын адам» жәдігерін облыс халқы толық көрсе деген ниеттен туындаған. Сонымен қатар құрт, жент, диірменмен тартып, тарыдан талқан алу секілді ұлттық тағамдардың дайындалу тәсілін, әсіресе, жастарға көрсетіп, археология саласын қызықтырғандар үшін қыш құмыра жасаудан шеберлік сабағын көрсету арқылы салт-дәстүрден алшақтамауды дәріптеу. Шараға келушілерге арнап «сынақ» ойынын ұйымдастырып отырмыз. Мәселен, екі топқа бөлініп, иінағашпен су тасу, ағаш үйді құру секілді қазақтың ептілігін, күштілігін айқындайтын жайттардан сүрінбей өткендерге мұражайдың барлық жәдігерлер бөлмелерін аралап көруге, суретке түсу үшін тегін абонент беріледі, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова.
Айта кетейік, «Ұлттық музей сенің қалаңда» акциясыағымдағы жылдың 27 маусымынан Орал, Ақтөбе қалаларынан бастау алып, қала тұрғындарының ықыласына бөленген болатын.
Мәдени тур Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен 3 күнге жалғасады.