Анонс


Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған ерекше гобеленнің тұсаукесері өтті Таңдаулы

Жұма, 01 Шілде 2016 16:07
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған ерекше гобеленнің тұсаукесері өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Астана күніне орай «Қазақстан – менің Отаным» атты тақырыпта қолдан тоқу техникасымен орындалған монументалды-декоративтік туындының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.  

Жоба авторлары ҚР Суретшілер одағының мүшелері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Айдар Жамхан мен Мәлік Мұқановтың айтуынша, туынды ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайы дайындалған.

Композицияның ортасында өрнектелген шеңбер (шексіздік символы) аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының логотипі мен Бейбітшілік және  келісім сарайының қасбеті тоқылған, ол өз кезегінде Қазақстанда тұратын этностардың ұлттық киімдегі бейне-кейіптерімен көмкерілген. Дөңгелете салынған ұлттар өкілдері қонақжайлық пен кішіпейілдік символы - сәлемдесу ишарасымен қолын көтеріп тұрған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасына шоғырланған. Шеңбердің үстіңгі жағында Қазақстан халқының бірігуіне негізделген мемлекеттік билік символы Ақорданың қасбеті бейнеленген. Гобеленнің бүйіріндегі бөліктері стильденген қазақ ою-өрнектері басқұрлармен толықтырылған. Ол тағдырдың айдауымен Қазақстанға келген көптеген этнос өкілдерін  өз отбасы қатарына бауырластықпен қабылдаған халқымыздың жан сұлулығын білдіреді.

Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғалымдар, ҚР Парламентінің депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен Ассамблея және этномәдени бірлестік мүшелері қатысты.

Айта кетейік, жоба Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен өтті.    

 

6367 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper