Анонс


Астанада Ақмола облысы музейлерінің «Ғасырлар мұрасы» атты көрмесі ашылды Таңдаулы

Сейсенбі, 24 Мамыр 2016 03:22
Астанада Ақмола облысы музейлерінің «Ғасырлар мұрасы» атты көрмесі ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ақмола облысы музейлерінің «Ғасырлар мұрасы» атты көрмесінің ашылуы болды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап.

Көрме  «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр.

Көрменің ашылуына Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары Ж.Е. Ерғалиев, Мәжіліс депутаты В.Б. Косарев және Ақмола облысы әкімдігінің қызметкерлері, мәдениет және өнерге еңбегі сіңген қайраткерлер қатысты. Сонымен қатар Ақмола облысының әртістері мен шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарламасын ұсынды. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай ел өңірлеріндегі музейлердің Астанадағы Ұлттық музейге келіп арнайы көрме ұйымдастыруы игі бастама екендігін атап өтті.

«Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы біраз уақыттан бері жалғасып келеді. Бұл жоба шын мәнінде өзін-өзі ақтайтын жоба. Себебі біздің аймақтарымызда қаншама құнды мұралар, бағалы экспонаттар бар. Оны алып келіп астаналықтарға, Астана қонақтарына көрсету игі бастама. Мұнда тек қана қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл әлемге ұялмай көрсетуге болатын экспонаттар бар», – деді Д.Мыңбай.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және Ақмола облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған көрме өлкенің көпғасырлық мұрасымен және қоғамның заманауи көркемөнерінің беталысымен таныстырады.

Көрмеге арнайы қонақ ретінде шақырылған Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Ж. Ерғалиев былай деді: «Біздің тарихымыз сонау көне дәуірлерден бері ескерусіз қалып келді. Кейбір бағалы жәдігерлеріміз талан-таражға түсіп, әлемнің кейбір мұражайларына кетіп қалды. Қазір ел Тәуелсіздігінің арқасында халқымыздың бай тарихи мұраларын жинақтауды бір жүйеге келтіріп жатырмыз. Қазақ елінің қай өңірі болсын біз үшін қасиетті киелі өңірлер. Сондықтан олардың мәдениеті мен тарихын танып біліп, дәріптеп отыруымыз керек».

         Көрмеге Ақмола облысының және Степногор тарихи-өлкетану музейлері топтамаларының аймақта жүргізілген экспедициялар барысында жиналған археологиялық артефактілері ұсынылды.

         Экспозициядағы біртуар мемлекет қайраткері, қолбасшы, дипломат Абылай хан және оның үзеңгілестері туралы материалдардың, Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ бидің парсы кілемінің бір бөлшегінің орны ерекше. Кілемді 1840 жылы Омск губернаторы Саққұлақ биге сыйға тартқан, ал 1991 жылы Ерейментау тарихи-өлкетану музейі ашылған кезде оны Әлихан Барлыбаев музейге өткізген. Сонымен қатар Көкшетау қаласының әдебиет және өнер музейі қорындағы Бөгенбай батырдың арнайы сусын ішетін ыдыс – «құтысы», Қанай бидің сабы бар тостағаны - «саптыаяғы»  сияқты бірегей жәдігерлер бар.                

          Ақмола топырағы талай ақындар мен композиторларға шабыт берген қасиетті өлке. Көрменің «Этномәдениет және қазақ халқының тұрмысы» бөлімінде облыстық музейдің этнографиялық топтамаларынан музыкалық аспаптар, сирек кездесетін кітаптар, ағаштан және теріден жасалған ыдыстар, ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттық киімдер, күміс зергерлік бұйымдар, атақты ақын, әнші, сазгер Ақан серінің ғашығы Ақтоқтының жеке бұйымдары (айна, жүзік және т.б.) сынды ең керемет үлгілер ұсынылып отыр. Ақмола облысының біртуар ұлдары жазушы және қоғам қайраткері Ілияс Есенберлиннің және Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдулиннің жеке бұйымдары ерекше қызығушылық тудырады. Жаңа егемен мемлекеттің қалыптасуы, соңғы жылдардағы оқиғалар, аймақ дамуының келешегі «Бүгінгі заман» бөлімінде ұсынылған. ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші-керамист Ю. Г. Поповтың жұмыстары да ерекше жарқын әсер сыйлайды.

       Көрме 20 шілдеге дейін жалғасады.

3978 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper