Анонс


Ахмет Жұбановтың 110 жылдығына арналған «Жүрек пернесі» атты көрме ашылды

Сәрсенбі, 04 Мамыр 2016 20:17
Ахмет Жұбановтың 110 жылдығына арналған «Жүрек пернесі» атты көрме ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Алматыда Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың мемориалды музей-пәтерінде қазақ кәсіби музыка мәдениетінің негізін қалаушы Ахмет Жұбановтың 110 жылдығына арналған «Жүрек пернесі» атты көрме ашылды.

Көрменің ашылу рәсіміне белгілі музыка мамандары, мәдениет және білім қайраткерлері, сондай-ақ, А. Жұбановтың шәкірттері қатысты, деп хабарлайды ҚР Мемлекеттік орталық музейінің баспасөз қызметіне сілтемеген жасаған ҚазАқпарат.

Көрменің ашылу рәсімі барысында Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық  мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернаты оқушылары Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың бірқатар танымал шығармаларын орындады.

Ал «Жүрек пернесі» көрмесінде Ахмет Қуанұлы Жұбановтың өмірлік, шығармашылық, ғылыми және педагогикалық жолын ашып көрсететін экспозициялар, сондай-ақ жаңадан басылып шыққан музыкалық шығармалары, партитуралары, кітаптары  (концерт бағдарламалары, хаттар мен қолжазбалар) ұсынылды.

Айта кетелік, Қазақ КСР халық әртісі, профессор, өнертану ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым Академиясының  академигі Ахмет Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы, Қосуақтам қыстағында дүниеге келді. 1929 жылы Ленинград қаласындағы М. Глинка атындағы музыка техникумының А. Этигонның скрипка класына оқуға түсті, кейіннен Н. Римский-Корсаков атындағы Ленинград мемлекеттік консерваториясына оқуға түсіп, профессор Ф. Ниманның гобой класында және тарихи-теориялық факультетінде білім алды. 1932 жылы Өнер-зерттеу академиясының (кейін Театр, музыка және кино институты) музыка бөлімінің аспирантурасына түсті.

Ахмет Жұбанов - қазақ музыка мәдениетінің көп қырлы және көрнекті қайраткері, Қазақстандағы көптеген музыкалық өнер ордаларының,  сондай-ақ тұңғыш қазақ мемлекеттік ұлт  аспаптар орекестрінің белсенді  ұйымдастырушысы болды.

 

3556 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper