Анонс


Ұлттық музей қасиетті Мекке қаласы туралы көрме өткізеді

Бейсенбі, 07 Сәуір 2016 14:40
Ұлттық музей қасиетті Мекке қаласы туралы көрме өткізеді KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2016 жылғы 8 сәуір күні сағат 16.00-де  «Мәскеу ақша сарайының күміс маркаларындағы Мекке» атты көрме өтеді, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі музейдің ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап.    

2013 жылы Ресей Федерациясы Қаржы министрлігінің Мәскеу Ақша Сарайынан Қасиетті Меккеге арналған 999 сынамалы күмістен эксклюзивті технологиямен жасалған 40 маркадан тұратын топтама шықты. Түпнұсқа ретінде Ауғанстан, Алжир, Бангладеш, Камерун, Комор аралдары, Иран, Ирак, Иордания, Кувейт, Ливия, Малайзия, Мали, Мавритания, Марокко, Нигер, Оман, Пәкістан, Қатар, Сауд Арабиясы, Сомали, Сирия, Тунис, Біріккен Араб Әмірліктері, Йемен сынды 24 мұсылман елі әр жылдары шығарған пошта маркалары алынды.

Күміс маркалар айтулы пошта маркаларының түпнұсқасын дәлме-дәл қайталайды және бүгіннің өзінде тарихи артефакт болып табылады. Осы ескерткіш топтаманы жасау барысында Мәскеу Ақша Сарайында марканың  бедерлі бөлшектері бар тұстарына алдын ала қолдан мүсін дайындалды, осылайша, маркалар үш өлшемді көлемге ие болады. Барлық маркалардың өлшемі түпнұсқамен бірдей. Оларды жасауға ғалымдар, сарапшылар, технологтар, инженерлер, дизайнерлер, мүсіншілер мен суретшілер қатысты.

Топтаманы жасауға 3 жыл қажет болды.

Күміс маркалар өте шектеулі тиражбен шығарылды, сондықтан да олар тез арада сирек кездесетін антиквариатқа айналды. Тарихи құндылықтарды нағыз бағалаушылар және көркемдік талғамы жоғары адамдар қымбат маркалардың сұлулығы мен нәзіктігіне лайықты баға беруде. Бірегей эстетикалық шешім күміс маркаларға мәңгілік өмір сүруге және ХХІ ғасырдағы өнердің әлемде баламасы жоқ көркемдігі жоғары бұйымға айналуына мүмкіндік береді.

Топтамадағы маркалардың саны тура қырық және бұл кездейсоқтық емес. 40 саны – көптеген діндерде зор мән берлігенең ұлы сан, ол табиғаттағы ашық және жасырын құбылыстар арасындағы үйлесімдікті білдіреді. Көптеген басқа діндердегі сияқты исламда да қырық саны қасиетті болып саналады және өзгерісті, ымыраласуды және ұстанымға оралуды білдіреді. Бұл сан маңызды сыни кезеңдерді белгілеу үшін ислами дәстүрлердегі салт жораламен байланысты.  Мұхаммед Пайғамбар дәл осы қырық жасында Алланың сөзін естіген, ал Қасиетті Құранды әрбір қырық күнде оқиды.

Рухани білім іздеген әрбір адамға рухани ізденіс барысында көкейінде туындаған күдіктерді жою үшін ақиқат қажет. Осындай ақиқаттың бірі бұл Қасиетті Мекке, соның арқасында надандық түнегі білім жарығымен жойылады және түнектен жол көрінеді.

Ресейде күміс маркалардың көрмесі алғаш рет 2013 жылы мұсылмандық ағартушылық орталықтарының бірі болып табылатын, халықаралық мәдени ынтымақтастыққа қызмет жасайтын Татарстанда өтіп, Дүниежүзілік XXVII Жазғы Универсиадаға қатысушылар мен қонақтардың көз қуанышына айналды.

2013 жылғы сәуірде «Қазан Кремлі Мемлекеттік тарихи-сәулеттік музей-қорығындағы» Ислам мәдениеті музейінде (Татарстан) «Күміспен күптелген Мекке: Мәскеу ақша сарайының күміс маркаларындағы қажылық символикасы» бірінші көрмесінің ашылуы өтті, ал 2013 жылғы мамыр айында «Булгар» сәулеттік-тарихи кешенінде Еділ бойы халықтарының Ислам дінін ресми қабылдаған күніне орай Татарстан Республикасында өткізілген салтанатты шаралар кезінде екінші көрме ашылып 2013 жылғы 31 тамызға дейін созылды.  

2014 жылы мамыр айында топтама Дағыстан Басшысының басшылығымен Махачкалада үкіметтік «Достық Үйі» кешенінде, ал Мәскеуде П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында өткен Иранның «Ай аңызы» классикалық музыкалар концерті кезінде (сәуір), Мемлекеттік шығыс музейінде (шілде), Қырымда Бахчисарай музей-қорығындағы Қырым хандығының бұрынғы ордасы болған XVI-XVIII  ғасырларға тән атақты сәулет ескерткіші «Хан-Сарайы», бүгінгі Буюк Хан Джами Үлкен хан мешітіндегі Хан ложасында (тамыз-қазан) көрсетілді.

Сол сияқты топтама 2014 жылы серіктесі білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) болған Әлемдік «Өркениеттер диалогы»  (Грекия, Родос аралы, қыркүйек) форумында және ұйымдастырушысы Ресей Федерациясы Мұсылмандарының діни басқарамасы және Ресей мүфтилер кеңесі болған Х Халықаралық мұсылмандар форумында көрсетілді.

Бірегей топтама 2015 жылы «Ресей – ислам әлемі» атты Стратегиялық болжаулар тобының мәжілісіне шақырылды, оған  Ресей Федерациясы сыртқы істер министрі С.В.Лавров, Татарстан Республикасының президенті Р. Н. Минниханов, Ислам ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы И. Мадани, мемлекеттік және діни қайраткерлер, дипломаттар, Ресей және бірқатар мұсылман елдерінің ғалымдары қатысты. Сыртқы істер министрі оқыған Ресей Президенті В.В. Путиннің құттықтау сөзінде: «Ресейдің тарихының өзі әртүрлі діндердің үйлесімді өмір сүргенінің дәлелі», - делінген.   

2015 жылы топтама Шешен Республикасындағы «А.А. Кадыров атындағы Даңқ мемориалды кешені» музейінде (шілде-қыркүйек), ал шілде айында Рязань облысындағы Касимов өлкетану музейінде көрсетілді.

 «Күміспен күптелген Мекке» атты маркалар топтамасын жасау идеясы 2006 жылы «Алтын және Күміс Құрандар» жобасын жалғастыру әрі оны дамыту ретінде пайда болды. Идеяның авторы «ВТ» компаниясының директоры және иесі Владимир Прусаков, компания адамзаттың мәңгілік рухани құндылықтарына ХХІ ғасыр музейіне лайық өнер туындыларының баламасы жоқ жаңа бірегей түрін берумен айналысады.  

Бұған дейін «ВТ» компаниясының тапсырысымен 2006 жылы Ресей Федерациясы Қаржы министрлігінің «Мәскеу Ақша Сарайында»  бірегей технологиямен VIII ғасырдағы ежелгі ислам қолжазбасы «Осман Құранының» әлемдегі жалғыз дәл көшірмесі соғып шығарылған болатын, ол ең жоғары 999 сынымалы алтыннан жасалған 162 тілімнен тұрады. Оны дайындауға 1,5 жыл уақыт қажет болды. «Осман Құранының» түпнұсқасы Ресей меншігі болып табылады және Санкт-Петербургте Ресей Ғылым Академиясының Шығыс Қолжазбалар Институтында (император Петр І негізін қалаған бұрынғы Азия музейі ) сақтаулы. «Алтын Құран» алғаш рет 2007 жылы Мәскеуде әлемнің ең керемет музейлерінің бірі А.С. Пушкин атындағы мемлекеттік бейнелеу өнері музейінде толығымен көрсетілді, сонымен қатар Ирандағы 15-Халықаралық «Қасиетті Құран» көрмесінде (2007), Бахрейнде (2008), Ливияда (2008), Ресейде (2009), Мысырда (2010) бірнеше беттері көрсетіліп, дипломдармен марапатталды.

2010 жылы Ресей Федерациясы Қаржы министрлігінің «Мәскеу Ақша Сарайында»   «Күміс Құран»  жасалды. Бұл да «Осман Құранының» VIII ғасырдағы қолжазбасының ең жоғары 999 сынымалы  күмістен жасалған дәл көшірмесі болып табылады.

«Күміс Құранның» толық жинағын Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан»  бас мешітіне Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың атынан Мәскеу бас Собор мешітінің меценаттары сыйға тартты. Бұл шараға Ресей Президенті В.В.Путин де қатысқан болатын.

 

 

5287 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper