Анонс


Жапон суретшілері өз туындыларын Ұлттық музейге сыйға тартты (ФОТО) Таңдаулы

Бейсенбі, 31 Наурыз 2016 16:36
Жапон суретшілері өз туындыларын Ұлттық музейге сыйға тартты (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Ұлттық музейінде өткен пресс-конференция кезінде жапон суретшілері өз туындыларын Ұлттық музейге сыйға тартты, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі.

Пресс-конференцияға Ұлтық музей директоры Д.Мыңбай, Жапония Елшілігінің мәдениет бойынша атташесі Таканаси Сатору, суретші Сайто Норихико және тағы басқа суретшілер мен  мәдениет өкілдері қатысты. Жиында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай жапон  суретшілерінің түрлі жанрларда жұмыс жасайтындығын атап өтті.  

«Жапон мәдениетінде 5 деген сан киелі болып есептеледі екен. Ол әлемнің бес құдіреті; жер, су, от, ағаш және металдың құпия символының мәні болып саналады. Жапон суретшілерінің жанрлары әралуан бағытта дамыған. Бұл жолғы көрме біздің еліміз бен жапон мәдениетінің жақындаса түсуінің бастапқы кезеңі деп қарауға болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі әлем елдері өнерінің жақындаса түсуіне және олардың біздің мәдениетімізге жақсы жағынан ықпал етуіне қызмет жасауға әзір», – деді Д.Мыңбай.

Бұл шара Ұлттық музей мен «Шабыт» өнер университеті бірлесіп  өткізген «Бес суретші – бес құбылыс дәстүрлер мен жаңашылдық» көрмесінің жабылуына орай  ұйымдастырылды. Наурыз айының 3-нен 31 аралығында өткен көрмеге  каллиграфия,  нихонг көркем суреттері, тушьпен салынған суреттер, шағын мүсіндер, лакталған туындылар  сынды жапон өнерін көрсететін 35 жұмыс қойылған болатын.

«Бес суретші – бес құбылыс: дәстүрлер мен жаңашылдық»  көрмесі ынтымақтас екі елдің өнерін дамыту мен таратудың және біздің музей мен Жапонияның көркем өнер мекемелері арасындағы мәдени байланыстың бастамасы болмақ.  

Пресс-конференция барысында жапон суретшілері өз еңбектерін  Ұлттық музейге сыйға тартты. Сонымен қатар Сайто Норихиконың «Нихонг көркем суреттері» лекциясы болды.

 

Инстаграм: @kazmuseum.kz

4264 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper