Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 70 жылдығы шеңберінде «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған «Жеңіске құрмет!» акциясының және«Ұлттық музейге сый тарту» акцияның биылғы жылғы қортындылары ретіндеЖеңіс туының көшірмесін музейге тапсыру салтанаты болады. Жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ҚР Парламенті депутаттары, Астана қаласының қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысады.
«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы биылғы жылғы 18 наурызда Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтанатты түрде бастау алған болатын. Шараға ҚР премьер-министрінің сол кездегі орынбасары Бердібек Сапарбаев, Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Әзірбаев, Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин, «Қадыр Мырзалиев» қорының төрағасы Донеділ Қажымов, Олимпиада ойындарының чемпиондары – Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Юрий Мельниченко сынды елге белгілі азаматтар, коллекционерлер, танымал тұлғалардың ұрпақтары, спортшылар, жеке адамдар қатысқан еді.
Шара Алматы, Қызылорда қалаларында жалғасты. Акция нәтижесінде Ұлттық музейге осы уақытқа дейін 1100-ден астам тарихи тұлғаларға қатысты құнды жәдігер жиналды. Олардың қатарында Кенен Әзірбаевтың домбырасы, Қасым Қайсеновтің кездігі, Жұмабек Тәшеновтің дипломатиялық төлқұжаты мен ордендері, Шәмші Қалдаяқовтың пианиносы, күлсалғышы мен қаракөл бөрігі, Жұмекен Нәжімеденовтің дипломаты мен портсигары, Гүлфайруз Ысмайылованың қыл қаламдары мен сәнді сөмкелері, Қадыр Мырза Әлінің қаламсабы мен қолсағаты сынды өзіндік маңызы әрі құны бар дүниелер жиналды. Сонымен қатар қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров өзінің алтын медальдары мен жарыстарға киген киімдерін, Дулат Иманқажы Меккеге жаяу алып барған көк туымызды, Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин тастан, қоладан, темірден жасалған жебелер жиынтығын, Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым бидің төс белгісін, спорт саңлақтары Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Юрий Мельниченко жеке спорттық заттарын, медальдарын Ұлттық музейге аманаттады.
Акция келесі жылы да жалғаса береді. Ұлттық музей бұл іс-шараны еліміздің барлық өңірінде өткізуді жоспарлап отыр.
Аталған шара 2015 жылғы 9 желтоқсанда сағат 16.00-де басталады.