Аталған көрме тәуелсіздік жылдарынан бүгінге дейін еліміздің тұрақты дамуына негіз болып келе жатқан Мемлекет басшысының саясаты мен идеясының айналасына қоғамды топтастыруды көздейді.
Көрмеде Ұлт көшбасшысының өмірбаяны мен шығармашылық жолы; ҚР Президенті Н.Назарбаевтың көпұлтты, көпконфессиялы, тәуелсіз, демократиялық Қазақстанның қалыптасуы мен тұтастығын сақтаудағы рөлі; Қазақстанның сыртқы, ішкі саясаттағы жетістіктері, сонымен қатар, Мемлекет басшысының басқаруымен республикамыздың алдағы уақыттағы көпқырлы дамуы көрсетіледі.
1991 жылы 1 желтоқсанда тарихымызда тұңғыш рет өткен жалпыхалықтық сайлауда қазақстандықтар өз еркімен Қазақстан Президентін сайлағаны белгілі. Бұл күн қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайды.
Ширек ғасырға жуық уақытта қазақ халқы толайым табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген әрбір жетістігі Елбасы Н.Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Ұлт Көшбасшысының еңбек жолы мен өмір өткелдері фотокөрменің негізгі арқауы.