Анонс


Көрмеде: Жәңгір ханның мундирі. Фатиманың көйлегі. Динаның қамзолы Таңдаулы

Бейсенбі, 19 Қараша 2015 10:58
Көрмеде: Жәңгір ханның мундирі. Фатиманың көйлегі. Динаның қамзолы KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Ұлттық музейінде «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тарихы терең Ақ Жайық» атты көрмесі өз жұмысын бастады. 

Көрме Батыс Қазақстан облыстық музей қорлары арқылы астана тұрғындары мен қонақтарына Ақ Жайық өңірінің материалдық және рухани мәдениетінің баға жетпес құндылықтарын көрсетуді және өлке тарихымен тереңірек таныстыруды көздейді.

Көрмеге археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған үшбұрыш, шырша, ромб өрнекті қыш, шығыр құмыралар, Жайық қалашығының орнынан табылған кесене қалдықтары және кірпіш тастар қойылады. Сонымен қатар экспозициялардың қатарында б.д.д ҮІ-Ү ғасырларға тиесілі Тақсай оба-кешенінен 2012 жылы (БҚО Теректі ауданы, Долинное елді-мекені) табылған «Алтын ханшайымның» жаңғыртылған нұсқасы, ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек әйел жерленген жердің өртенген ағаш бөренелері, ғұрыптық ыдыстар қойылды.

Жиында сөз алған Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбайдың айтуынша, мұндай шаралар жиі өткізіліп тұруы қажет. Ол жастарды ұлтын, тарихын, мәдениетін сүюге тәрбиелейді.

 «Біз ұлттық музейдің уақытша көрмелер залын әр облысқа екі айға беріп отырамыз. Бұған дейін Павлодар, Атырау, Қарағанды қалаларының тарихи жәдігерлерінің көрмесін ұйымдастырдық. Мұндай көрмелер өзімізді-өзіміз тануымыз үшін керек. Қазір көп жастар шетелге шығып жатыр. Бірақ көпшілігі өз тарихынан, мәдениетінен бейхабар. Жастарды жергілікті жерге бөлінбей, ұлттық патриотизмге тәрбиелеу керек. БҚО тарихқа толы елдімекен. Басқасын айтпағанда, облыстан табылған «Алтын ханшайым» әлем деңгейіндегі жәдігер болып саналды. Ол қазақты жаһанға танытты», - деді ол.

Фатима ханымның 1824 жылы Санкт-Петерборда балға киген көйлегінің көшірмесі

Жәңгір хан мундирінің көшірмесі

Көпшілік күйші-композитор Дина Нұрпейісованың қамзолын, күйші Қ.Жантілеуовтың шапаны мен домбырасын, Ақ Жайықты мекен ететін өзге ұлт өкілдерінің ұлттық киімдері мен музыкалық аспаптарын, Ә. Қастеевтің 1941 жылы салған «Қыз Жібек пен Төлегеннің кездесуі» атты графикасын және қазақ арулары қолданған зергерлік бұйымдарды тамашалай алады.

Дина Нұрпейісованың қамзолы

Бұған қоса көпшілікке 1969 жылы Сантас жонындағы обалардан табылған қыпшақ жауынгерінің мүрдесі, қыпшақ жауынгерінің қару-жарақтары, Е.Пугачев бүлігін басуға қатысушыларға 1775 жылы орыс патшайымы ІІ Екатерина сый ретінде берген қолғап, орыс ақыны А. Пушкин киген киімнің көшірмесі ұсынылады.

Жұбан Молдағалиевтің жазу құралдары

Көрмені Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі, Батыс Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды.

Айта кетейік, көрме 2015 жылғы 18 қарашадан 2016 жылғы 18 қаңтарға дейін жалғасады.

Назерке Сүйіндікова

сурет автордікі

 

6210 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper