Анонс


Батыс Қазақстан өңірінің ең құнды жәдігерлері Ұлттық музейдегі көрмеге қойылады Таңдаулы

Сейсенбі, 17 Қараша 2015 10:03
Батыс Қазақстан өңірінің ең құнды жәдігерлері Ұлттық музейдегі көрмеге қойылады KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің  «Тарихы терең Ақ Жайық» атты көрмесі ашылады, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі.

Көрме Батыс Қазақстан облыстық музей  қорлары арқылы елорда тұрғындары мен қонақтарына Ақ Жайық өңірінің материалдық және рухани мәдениетінің баға жетпес құндылықтарын көрсетуді және өлке тарихымен тереңірек таныстыруды  көздейді.

Көрмеге археологиялық  қазба  жұмыстары кезінде табылған  үшбұрыш, шырша, ромб өрнекті қыш, шығыр құмыралар, Жайық қалашығының орнынан табылған кесене қалдықтары және кірпіш тастар қойылады. Сонымен қатар экспозициялардың қатарында б.д.д ҮІ-Ү ғасырларға тиесілі Тақсай оба-кешенінен 2012 жылы (БҚО Теректі ауданы, Долинное елді-мекені) табылған  «Алтын ханшайымның» жаңғыртылған нұсқасы, ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек әйел жерленген жердің өртенген ағаш бөренелері, ғұрыптық ыдыстар болады.

Бұған қоса көпшілікке 1969 жылы Сантас жонындағы обалардан табылған қыпшақ жауынгерінің мүрдесі, қыпшақ жауынгерінің қару-жарақтары, Е.Пугачев бүлігін басуға қатысушыларға 1775 жылы орыс патшайымы ІІ Екатерина сый ретінде берген қолғап,  орыс ақыны А. Пушкин киген  киімнің көшірмесі ұсынылады.

Жиналған жұртқа кіші жүздің соңғы ханы Жәңгір хан мен Фатима ханым киген киімдердің көшірмелерін, А.Н.Харузиннің 1891 жылы жарық көрген  «Киргизы Букеевской Орды» атты кітабын, сонымен қатар, Батыс Алашорда мен Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі  мұрағаттық құжаттарды көру мүмкіндігі беріледі.

Көпшілік күйші-композитор Дина Нұрпейісованың қамзолын, күйші Қ.Жантілеуовтың шапаны мен домбырасын,  Ақ Жайықты мекен ететін өзге ұлт өкілдерінің  ұлттық киімдері мен музыкалық аспаптарын, Ә. Қастеевтің 1941 жылы салған «Қыз Жібек пен Төлегеннің кездесуі» атты графикасын және қазақ арулары қолданған зергерлік бұйымдарды тамашалайды.

Көрмені Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі, Батыс Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және  құжаттама басқармасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды.

Көрме 2015 жылғы 18 қарашадан 2016 жылғы 18 қаңтарға дейін жалғасады. 

6930 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper