«Қазақи қиял» көрмесі өнер иесінің алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Экспозицияға мүсінші шығармашылығындағы ертеректен соңғы уақытқа дейінгі орындалған отызға жуық мүсіндік туындылары қойылған.
Шығармашылық дарыны кең Т. Бинашевтың мүсіндік композицияларының тақырыбы ауқымды. Оның терең мазмұн мен ой-толғауға толы «Ана», «Жеті қазына», «Байырқұмның баласы», «Мелдеш құдығы», «Қараханның қайғысы», «Сырдария», «Жылан жылаған жыл», «Тығырық», «Көкпар», «Пана», «Отар», «Сырласу», «Үштік» т.б еңбектері бар.
Суретші Ж.Күшікбаевтың ата-анасына арнаған «Парыз» атты жеке көрмесіндегі туындылардың басым бөлігін пейзаж жанрындағы сексенге жуық кескіндемелік композициялар құрайды. Олардың қатарынан әсем табиғаттың ұлылығы мен сұлулығын жырлайтын Алатау бөктері мен Қапшағайдың, Аралдың түрлі көріністерін тамашалауға болатын жұмыстарды көресіз.