Көрмеде соңғы жылдары археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қола дәуірінің мыс ыдысы, ғұн-сармат дәуірінің темір алдаспаны, қорғандардан табылған түрлі пішіндегі моншақтар, қола жебенің ұштары мен алтын бұйымдар қойылған. Сонымен қатар былтыр табылған түрік-қыпшақ дәуірінің күміспен күптелген бөрі бейнесіндегі жапсырмалары, одан қалды сақ ханшаларының киімдері де көрменің ажарын аша түсті. Жалпы облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында 150 мыңнан астам экспонат бар. Оның 90 мыңнан көбі – археологиялық экспонаттар.
Әділет Жағыпар, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері:
- Жалпы бұл ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді жұртқа көрсетіп, жас өрендердің рухани мәдени байлығын дамытуға зор септігін тигізеді деген ойдамыз.