Рәсімге облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің имамдары мен БАҚ өкілдері қатысты. Табылған діни кітаптар туралы Серік Әбдіжәмиұлының айтуынша, оны алғаш рет Хромтау ауданындағы Тасөткел ауылының тұрғыны Қасым Өмірханұлы 2019 жылдың жаз айында қой бағып жүрген кезінде көрген. Яғни бұл кітаптар аталған ауданның Қарамола қорымындағы Көбентау жеріндегі Көбен есімді кісінің қабірінің басынан табылған.
— Ауыл баласы кітап туралы ауылдың үлкендеріне айтып, олар маған хабар берді. Кеше ауылға барғанымда сол жерге барып, Құран бағыштап, кітаптарды алып, облыс орталығына әкелдім, — дейді С.Әбдіжәмиұлы.
«Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төле би Оспанның айтуына қарағанда, бұл — Ислам шариғаты туралы кітаптар жиынтығы.
Музейдің қорларды ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ләззат Нұркееваның сөзінше, бұл шамамен ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басында баспаханадан шыққан діни-ғылыми кітаптар болуы әбден мүмкін. Бұл зерттеуді қажет етеді.
Алдағы уақытта кітаптар арнайы мамандармен қалпына келтіріліп, баспасы мен авторлары анықталған соң «Руханият» көрме-залының экспозициясына қойылады.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің менеджері