ИКОМ Қазақстан Ұлттық Комитетінің президенті қызметін осы уақытқа дейін атқарып келген п.ғ.д Үмітхан Мұңалбаева конференция кезінде басқа қызметке ауысуына байланысты өзіне жүктелген міндеттен босатуын өтінді. Бұл абыройлы міндетті 10 жылдан астам атқарған Ү.Мұңалбаева 2014 жылдан бастап ҚР Ұлттық кітапханасының директоры болып тағайындалған болатын. Қызмет саласының түбейгейлі өзгеруін алға тартқан Ү.Мұңалбаева ИКОМ Қазақстан Ұлттық Комитетінің президенті лауазымына ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбайды лайық деп танитындығын жеткізді. Конференцияға қатысушылар ұсынысты дауысқа салып, нәтижесінде Д.Мыңбай ИКОМ Қазақстан Ұлттық Комитетінің президенті болып сайланды. Ол бұл қызметті қазіргі қызметімен қоса атқаратын болады.
Айта өтейік, Д.Мыңбай басшылық жасайтын ИКОМ Қазақстан Ұлттық Комитеті штаб пәтері Парижде орналасқан Халықаралық музейлер Кеңесінің Қазақстандағы өкілдігі болып саналады. Осы Комитет арқылы қазақстандық музейлер халықаралық деңгейге шығып, өз жұмыстарын көрсете алады.