"Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 20-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Музей дерекқорын жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін баспа және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
4) осы бұйрықта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 13 маусымдағы № 176 бұйрығымен бекітілген
Музей дерекқорын жүргізу қағидалары
Тарау 1. Жалпы ережелер
1. Осы Музей дерекқорын жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) музей дерекқорын жүргізу тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда келесі негізгі ұғым қолданылады:
музей дерекқоры (бұдан әрі - дерекқор) – музей заттары мен музей коллекцияларының мемлекеттік есепке алынуын қамтамасыз ететін, музей жинағына кіретін және Қазақстан Республикасының музей қорына енгізілген әрбір музей заты мен музей коллекциясы туралы мәліметтердің жиынтығы.
Тарау 2. Дерекқорды жүргізу тәртібі
3. Дерекқор музейлермен автоматтандырылған жүйені пайдалану арқылы электронды түрде жүргізіледі.
4. Дерекқор музей жинағына кіретін және Қазақстан Республикасының музей қорына енгізілген әрбір музей заты мен музей коллекциясы туралы мәліметтерді (бұдан әрі – мәліметтер) оған енгізу арқылы қалыптастырылады.
5. Мәліметтер "Қазақстан Республикасы музей қорының музей заттарын есепке алу, сақтау, пайдалану және есептен шығару нұсқаулығын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 7 желтоқсандағы № 372 бұйрығы (бұдан әрі – Бұйрық) (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12822 тіркелген) бойынша жүргізілетін музей заттары мен музей коллекцияларын тұрақты немесе уақытша пайдалануға қабылдау актісі, музей заттары мен музей коллекцияларын тұрақты немесе уақытша пайдалануға тапсыру актісі, тұрақты пайдалануға қабылдау актілерін тіркеу кітабы, тұрақты пайдалануға тапсыру актілерін тіркеу кітабы, уақытша пайдалануға қабылдау актілерін тіркеу кітабы, уақытша пайдалануға тапсыру актілерін тіркеу кітабы, кітаптардың тізімдемесі, музей заттары мен музей коллекцияларының есептік түгендеу кітабы, түгендеу карточкасына сәйкес әрбір музей заты мен музей коллекциясы туралы деректерден тұрады.
6. Мәліметтер Бұйрыққа сәйкес іске асырылатын музей заттары мен музей коллекцияларын есепке алу, пайдалану және есептен шығару қорытындылары бойынша жүйелі түрде енгізіледі.
7. Музейлер дерекқорға енгізілген мәліметтердің толықтығын және анықтығын қамтамасыз етеді.