«Ежелгі қалашықты қазу аумағында 2,5 метр тереңдіктен «Қазархеология» ЖШС жұмысшылары 97 қымбат заттар салынған қыш құмыра тауып алды, - деп әңгімеледі Т.Молдақынов. - Бұлар негізінен әйелдер әшекейлері, сырға, алқалар, әйелдер қамзолдарын әшекейлейтін ұсақ металдар, құймалар, сондай-ақ үлкен білезіктер. Екі алтын және алты күміс білезік қымбат тастармен безендірілген».
Т.Молдақыновтың айтуынша, барлық табылған заттар мұқият есептеліп, суретке түсіріліп алынған және құжатталған. «Сірә, бұл жасырылып көмілген қазына болса керек. Құмыра жарылып, бүлінген, бірақ ішіндегі заттары сақталып қалған», - деп түсіндірді тарихшы, оның пікірінше, табылған олжа ХІІ ғасырдағы Қараханидтер дәуіріне жататын болуы мүмкін, бұл ежелгі Тараздың гүлденген кезі. Қазір олжа Алматыда зертханалық зерттеуден өткізілуде.
Сонымен қатар қалашықты қазуда үлкен ежелгі ыдыстар да табылған. Таразда саз топырақты жыныстар мол, бұл әсіресе қыш ыдыстар жасауда өте бағалы. Сондықтан да мұнда қыштан көптеген заттар жасалған. Табылған жәдігерліктер жаңғыртылып, жаңа «Ежелгі Тараз» мұражайынан лайықты орын алмақ. Ең бастысы, табылған ежелгі қала ғимараттарының іргетасы мен қабырғалары Ұлы Жібек жолы бойында дамыған қала өмір сүргенін дәлелдейді, бұл туралы тарихи құжаттар да бар», - дейді Молдақынов.
Еске сала кетейік, Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу кезінде республикалық маңыздағы тарихи ескерткіш - «Ежелгі Тараз» археологиялық паркі ашылды, оның аумағында бақылау мұнарасы, «Тараз саздары» стеласы, «Мыңбұлақ» гүлзары орналасқан. «Ежелгі Тараз» паркі облыстың халықаралық туристік бренді болмақ, бұл нысан ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмесіне келетін қонақтар болатын орындар қатарына енгізілді.