Анонс


Қарағанды облыстық музейі жаңа экпозициялық зал ашады

Сәрсенбі, 22 Сәуір 2015 17:24
Қарағанды облыстық музейі жаңа экпозициялық зал ашады KAZMUSEUM.KZ -  

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде 5 мамыр күні Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қарағанды облысы (1941-1945)» жаңа экспозициялық залының ашылуы өтеді. Бұл туралы облыстық Мәдениет басқармасынан хабарлады.

«Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қарағанды облысы (1941-1945)» залы экспозициясы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған. Зал экспозициясында музей қорының түпнұсқалық материалдары қойылған: фотосуреттер, құжаттар, майдандық хаттар мен ҰОС ардагерлерінің жеке заттары.  Ұлы Отан соғысының маңызды кезеңдерін ашып көрсететін соғыс кезіндегі жәдігерлер үлкен қызығушылық тудырады. 

1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы майдандарындағы қарағандылық жауынгерлердің ерліктері экспозицияда айқын көрініс алған.

Кеңес Одағының батырлары  Н.Әбдіров, М.Мамраев, К.Нұржанов, П.И.Теряевтің ерліктері жайында фотосуреттер мен құжаттар, Сталинград шайқасының диорамасы мен соғыс даласындағы жауынгердің   инсталляциясы баяндайды.

Зал экспозициясындағы материалдар соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің де ерліктерін көрсетеді.  Немістердің КСРО-ның батыс аудандарына басқыншылығы ел экономикасында Қазақстанның рөлін арттырды. Соғыстың алғашқы айларында Қарағандыға өндірістік кәсіпорындар көшіріле бастады. Зауыттар қорғаныс және әскери өнімдерді шығарды, оның ішінде кеңес әскерінің қуатты қаруына айналған атақты «Катюша» снарядтарына корпустар шығарды.

Біздің және келешек ұрпақтың басты міндеті сол сұрапыл соғысты және батырларды мәңгіге есте сақтау. Зал экспозициясындағы музейлік жәдігерлер тарихи мұраны беруде өзінің рөлін айқын көрсетеді.

 

3869 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper