Облыстық тарихи-өлкетану музейінде көне дала өркениетінен бастап қазіргі индустриялық кезеңге дейінгі өңір тарихы біртұтас желі ретінде ұсынылған. Өткен заман бұл жерде қайта «тіл қатады»: кітаптар сөйлеп, артефактілер виртуалды бейнелер арқылы «жанданып», ұлттық музыкалық аспаптар экранға жанасқанда әуезді үнге айналады.
Жаңарту жұмыстары шамамен бір жарым жылға созылып, экспозицияның басым бөлігін қамтыды. Соның нәтижесінде музейде интерактивті панельдер, мультимедиялық шешімдер және жаңа көрме кеңістіктері пайда болды.
– Біз музейді тарихты тек витрина сыртынан тамашалайтын орын емес, оны сезініп, бастан өткеретін ортаға айналдыруды мақсат еттік. Осы бағытта отандық әрі халықаралық тәжірибелерді зерделедік. Енді келушілер өңір тарихын тек көріп қана қоймай, естіп, қолмен ұстап көріп, тіпті сол тарихтың бір бөлшегіндей сезіне алады, – дейді музей директоры Ержан Нұрмағанбетов.
Жаңартылған экспозиция 13 тақырыптық залдан тұрады. Музей қорында 150 мыңнан астам музей заты сақталған.
Экскурсия «Өмір ағашы» композициясынан басталады. Бұл – өңір тарихындағы дәуірлер сабақтастығын бейнелейтін символдық туынды.

Одан әрі келушілер палеонтология залына өтеді.
Келесі бағыт – археология залдары. Кеңістік едәуір кеңейтіліп, ежелгі кезеңге арналған үш бірдей зал жасақталған.

Мұнда Орталық Қазақстан аумағынан табылған бірегей олжалар қойылған. Олардың қатарында Қарқаралы ауданындағы «Алтын адам» қорымынан табылған әшекейлер, Шет ауданындағы Талды тарихи-археологиялық паркінің аумағындағы қорғандардың рінен алынған қола қазан, сондай-ақ Ақтоғай ауданындағы Қарабиі қорымынан табылған, сабы арқар мүйізімен және жыртқыш құстар бейнесімен өрнектелген қос жүзді акинак қанжары бар.
Диорамалар көне дәуірдегі тіршілік көріністерін шынайы бейнелейді: қола дәуірінің баспанасы, қызуы басылмаған пеш маңындағы металлургтер шеберханасы және басқа да сахналар келушіні сол кезеңнің атмосферасына жетелейді.
Жаңартылған музейде интерактивті аймақтарға ерекше мән берілген. Олар қарапайым экскурсияны уақыт кеңістігіндегі саяхатқа айналдырады. Мәселен, арнайы экран арқылы тарихи тұлғалардың батасын тыңдауға болады: есімді таңдаған сәтте ғасырлар қойнауынан жеткендей әсер қалдыратын үн естіледі.
Жақын маңдағы цифрлық кітап та ерекше әсер сыйлайды. Оның беттерін парақтаған сайын өткен күндерден сыр шертетін қарияның дауысы естіледі. Бұл келушіні отбасы шежіресін тыңдап отырғандай күйге бөлейді.
Балаларға арналған интерактивті аймақтар да қарастырылған. Арнайы батырманың көмегімен ежелгі әшекейлер мен бұйымдарды ер және әйел бейнелеріне орналастырып, олардың тұрмыста қалай қолданылғанын көруге болады.
ХХ ғасыр тарихына арналған кеңістіктер де жаңаша сипатқа ие болған.
Жартылай қараңғы залда 1940-жылдардағы шахта көрінісі қайта жасақталған: тар өткел, вагонетка, шахтёр құралдары мен арнайы киімдер жерасты еңбегінің атмосферасын айқын сезіндіреді.
Ұлы Отан соғысы кезеңіне арналған бөлімде майданға жүк тасымалдауды бейнелейтін теміржол вагоны мен соғыс жылдарындағы ахуалды көрсететін блиндаж қойылған.

Тағы бір мультимедиялық аймақ келушілерді ескі Қарағанды көшелерімен виртуалды серуенге шақырады. Үлкен экранда қала көшелері, ғимараттар мен алаңдардың ретро-суреттері алма-кезек көрсетіліп, әр суреттің жанында оның қазіргі келбеті туралы мәлімет беріледі.
Алдағы уақытта музейде QR-код жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл келушілерге әр жәдігер туралы қосымша ақпаратты жылдам алуға мүмкіндік береді.
Келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында музейде балалар бөлмесі де ашылған. Мұнда бүлдіршіндер ойнап, сурет салып, кейін жасанды интеллект көмегімен өз жұмыстарын экранда анимацияға айналдыра алады.
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі Ерубаев көшесі, 38 мекенжайында орналасқан. Музей күн сайын сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Билет бағасы: балаларға – 200 теңге, студенттерге – 700 теңге, ересектерге – 1000 теңге.
Суретті түсірген: Жангелді Әбдіғалым
Дереккөзі: Қарағанды облысының әкімдігінің ресми сайты
