Анонс


Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі реэкспозицияға жабылды

Сейсенбі, 15 Қазан 2024 16:11
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі реэкспозицияға жабылды KAZMUSEUM.KZ -  

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі реэкспозицияға жабылды. Реэкспозиция бір жылға созылады. Ашылғаннан кейін музей заманауи талаптарға сай болады, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды тарихи-өлкетану музейінде реэкспозиция соңғы рет 13 жыл бұрын жасалған.  Одан бері музей ісінде экспозицияны безендіру және ұсыну тәсілдері өзгерді.

– Біз көрші елдердегі, Астана, Алматы қалаларындағы тарихи-өлкетану музейлерінде болдық. Олардың экспозицияларды қалай жасағанын көрдік және бұл тәжірибені өзімізде қолданғымыз келді. Негізі, тарихтың өзі бір орында тұрмайды: жаңалықтар ашылады, жаңа фактілер ашылады, жаңа атаулар пайда болады. Осының бәрін ескере отырып, біз реэкспозиция өткізуді ұйғардық, – дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ержан Нұрмағанбетов.

Музей конкурстық негізде таңдалған дизайн жобасына сәйкес жаңартылады. Ол сандық және мультимедиялық элементтерді қамтиды. Осылайша, әр экспонаттың жанында қосымша ақпараты бар сайттарға апаратын QR кодтары пайда болады. Келушілерге ыңғайлы болу үшін музей залдарында мультимедиялық табло орнатылады.

– Біз бұл реэкспозицияны асыға күтеміз. Біз келушілер үшін тосын сый жасағымыз келеді, – дейді музей директоры.

Айта өтейік, музей бір жыл бойы көпшілікке жабық болады, бірақ музей мәдени-танымдық жұмысын жалғастыра береді. Музей мамандары көшпелі экспозициялар ұйымдастырады және ғылыми, мәдени іс-шараларға қатысады.

114 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper