Анонс


Көрме ұйымдастыру: «Сүйінбай - дәуірдің дара ақыны» атты көрменің мысалында

Сәрсенбі, 01 Қыркүйек 2021 16:02
Көрме ұйымдастыру: «Сүйінбай - дәуірдің дара ақыны» атты көрменің мысалында KAZMUSEUM.KZ -  

«Атамекен» тарихи-мәдени орталығы өзінің мәдени ағартушылық қызметі аясында Жетісудың өткен тарихындағы танымал тұлғаларды насихаттау, сол арқылы қоғамды патриоттық рухта тәрбиелеуді мақсат етіп қойған болатын. Осы орайда, Орталығымыз бұқара көпшілікті музей мәдениетіне тарту арқылы, тарихты сүюге, елінің тұлғаларымен мақтану арқылы отаншылдық сезімін оятуға, өткен тарихи кезеңдермен қатар, материалдық және рухани құндылықтармен таныстыру үшін «Сүйінбай Аронұлы» әдеби-мемориалды музейімен көшпелі қор көрмесін ұйымдастырған болатын.

«Атамекен» орталығы «Сүйінбай Аронұлының» әдеби-мемориалды музейімен бірлесе «Сүйінбай - дәуірдің дара ақыны» тақырыбында ұжым аралық бірлескен кезекті жылжымалы қор көрмесін көпшілікке ұсынған-ды. Орталығымыздың мәдени-ағартушылық бағытындағы қоғамдық жұмыстары жандандыруда өскелең ұрпақ санасын яки, қоғамның белсенді эстетикалық талғамын оятуға және тәрбиелеуге бағыттауды көздейді. Төменде атқарылған кезекті тақырыптық-экспозиялық жұмысымыздың тәжірибелік бағытын баяндамалық нұсқада ұсынып отырмыз.

Жоғарыда аталған көрме жұмысы, жігерлі де намысты болу, ел намысын қорғай білудің қыр-сырына негізделіп, екі жақты музейдің қор коллекциясындағы материалдық және рухани мәдениет заттарымен экспозицияланып берілген болатын. «Сүйінбай Аронұлы» әдеби-мемориалды музейінің қорында сақтаулы экспонаттардың өткен ғасырмен үндескен нұсқалары Орталығымыздың атриумындағы экспозицияға орналастырылды. Осы орайда атқарылған уақытша экспозициядағы ұжымдық еңбектің нәтижесі, яғни көрме жұмысы бірлескен тәжірибе алмасу да қалыптастырғандығын аңғардық десек те болады.

Еліміздің жас музейлерінің қатарында «Сүйінбай Аронұлы» әдеби-мемориалды музейімен қатар, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы да өз қорындағы сақтаулы құнды экспонаттарды бүгінгідей көшпелі қор көрмесінде оқтын-оқтын көрмеге қойып, көпшілікке жиі таныстырып келеді. Бекітілген көрме жұмысын ұйымдастырудың жылдық жоспары негізінде аталған көрме жұмысы «Жыр алыбы – Жамбылдың мерейтойы» аясында ұйымдастырылған болатын.

Экспозиция кең мағынаға ие өткен ғасырдың тұрмыстық заттар жиынтығының шоғыры да арнайы сол кезеңнің бояуымен қанықтырылған десек болады. Көшпелі қор көрмесі шеңберінде: екі мәдениет ошағының қор жинақтары ықшамдалып көрсетілді. Бүгінгі көрініс Сүйінбай Аронұлы заманының тұжырымды көрінісі (ғылыми және көркемдік) ойлау тұрғысында біріктіріліп, біртұтас заттық-кеңістіктік жүйесі түрінде берілді десе болады.

Аталған көрме тақырыбы жағынан: сондай-ақ экспозициялық материалдардың мазмұны мен сипатына қарай – ең алдымен мемориалдық, жеке, тарихи, көркемөнерлік жағын қамтыды және тұрақты экспозиция құру жұмыстары алдын-ала белгіленген жоспар бойынша жүргізілді.

Көрмені жасақтауда тақырыптық экспозициялық әдіс бойынша, топтау тәртібі мен экспозициялық материалдарды ұйымдастыру арқылы экспозиция құру әдісі қолданылды. Мемориалдық көрмені құру кезінде С. Аронұлының жеке заттары жетіспегендіктен, музей қорынан көрме тақырыбына қатысы бар заттарды қамти отырып, экспозициялық кешеннің деректі, тартымды ету жолы қарастырылды. Экспозицияның тарихи деректілігін көрсету арқылы сол уақыттың рухын жеткізу көзделді. Аталған экспозицияны құруда сол кезеңнің ғылымилығы, заттылығы, тарихи-хронологиялық және кешенді-тақырыптық принципті басты қағида болды. 

Көшпелі қор көрме экспозициясын жобалау үрдісінде ғылыми пәндік, көркемдік, техникалық және жұмыстық жобалау түрлері қолданылды. Ғылыми қызметкерлердің қалыптасқан тәжірибесіне орай, жұмыс жоспарына енгізілген тақырып негізінде Жетісудың тарихи тұлғаларын да таныту мұраты қойылған болатын. Қор көрмесін үйлестіруде ғылыми тұжырымдамаға негізделген экспозицияның сәулеттік-көркемдік жобалау жұмысы ұйымдастыру жағынан уақыттың ең басым бөлігін алатыны белгілі және ол көрме құру барысының бағыттаушысы да болды.

Аталған көрменің ғылыми тұжырымдамасын жасауда ғылыми қызметкерлермен қатар Қор сақтау қызметінің бірлесіп қатысуы нәтижесінде авторлық еңбектің кескін-келбетін, құрылатын экспозицияның заттық және деректік базасын сұрыптау, экспозиция құрудың негізгі әдіс-тәсілдері арқылы жүзеге асырылды. Ал тақырыптық тұжырымдама негізінде, экспозицияның басты шешімі жасалып, ол алдын-ала Орталықтың қызметкерлері қатысқан ғылыми кеңес жиынында бекітілген болатын.

Тұжырымданы бекітуде және көрме тақырыбына нақтылауға қатысты іс-шаралар «Сүйінбай Аронұлы» әдеби-мемориалды музейінің негізгі экспонаттар тізімі негізінде жасалды. С. Аронұлының өзі тұтынған заттары болмағанымен қолжазбаларының, сол өткен ғасырдағы  іс-қағаздарымен бірге тек архивтерде сақталуына байланысты, алдағы уақытта ғалымдармен бірлескен көрмелер ұйымдастыру жобасы да ескерілді.

Көрме экспозициясының тақырыптық құрылымы, бағыты, экспонаттар бойынша қосалқы заттары іріктеліп алынғаннан кейін, көркемдік жағын рәсімдеу мәселесі біршама шешімін тапты.

Сәулеттік-көркемдік тұжырымдама ғылыми тұжырымдама негізінде жасалғандықтан, онда көркемдік идея аясында көркемдік бейнені туындатар, экспозицияны құру кеңістігі, негізгі жарық шешімі атриумдағы күндізгі жарықты есепке ала отырып, жәдігерлер қатары «Сүйінбай Аронұлы» әдеби-мемориалды музейіне тарту етілген кәде-сыйлардың орналасу қағидаттары негізінде өз шешімін тапты. Арнайы витринада аталған тұлғаға арналған кітап пен баспа өнімдерімен зерттеу еңбектері қатар қойылды.

Осы орайда, келесі кезеңде де Орталығымыздың ғылыми қызметкерлерінің ұсынысымен экспозицияның «кеңейтілген тақырыптық құрылымын» алдағы уақытта көшпелі тұрмыстағы қазақ арасында сән-салтанаты жарасқан «Құс салу экспозициялық жобасымен» бірлескен көрме жасауды жоспарлап отыр. Осы аталған құжаттардың негізінде тақырыптық-экспозициялық жоспар (ТЭЖ) әзірленетін болды.

Тақырыптық-экспозициялық жоспар шеңберінде экспозицияны ғылыми жобалай отырып; экспозициялық материалдардың нақты құрамын және экспозицияның кеңейтілген тақырыптық құрылымына сай топтау көзделді. ТЭЖ-ға қосымшаэтикетаж, ғылыми-қосалқы материалдарды пысықтау, ғылыми реконструкция жасау үшін құжаттама даярлау қолға алынды.

«Сүйінбай - дәуірдің дара ақыны» тақырыбындағы экспозицияны құруда алатын кеңістіктің аумағы алты қанат киіз үй аумағындай жарты шеңбер құрай орналастырылды. Жәдігерлердің кеңістік аумағына қарай орналасуы тарихи-хронологиялық, кешенді-тақырыптық, тақырыптық-репрезентативтік, өзара себеп-салдарлық байланыс қағидасы басшылыққа алынды.

Көрме тақырыбын құруда әуелдегі тұрақты экспозиция және көрме құрудың бірнеше басты шарты ескерілді. Ең басты қағидат ретінде – ғылымилық бағыт алынды. Сондықтан, алдыңғы кезекте «Сүйінбай Аронұлы» әдеби-мемориалды музейі экспонаттарының экспозицияға қойылғанға дейін ғылыми өңдеуден өткізілді. Экспозицияның обьективтілік (шынайылық) сипатын айқындай түсу үшін, оны құру барысында екі тараптың да мамандары, ең алдыменен музейге келушілердің назарына экспонаттардың берілу тәсіліне мән бере отырып, екі жақ тараптан өз идеяларын да қосты.

Көрмені ұйымдастырудағы күрделі мәселе болған, заттық көріністің басты қағидасы болған түпнұсқа материалдарға сүйену еш мүмкін болмады. Экспозицияны ұйымдастыруда мүмкіндігінше түпнұсқаға жақын келетін заттарды қою арқылы, олар сол өткен ғасырдан дерек беретіндіктен, негізгі ақпаратқа нұқсан келтірмейтіндей, оны әсірелемейтін, көрме экспозициясында біршама ғылыми обьективтілік те сақталды. Көрменің соңғы бөлігіне түп-нұсқа экспонаттардың жетіспеушілігін экспозицияда заманауи жиі қолданыла бастаған инсталляция мен коллаждық композициясын құру арқылы берілді. Бұл өз кезегінде өткен ғасырларда өмір сүрген тұлғалардың тұтынған бұйымдарының сақталмауы себепті, бүгінде мемориалдық музейлердегі көрме экспозицияларын құруда түрлі қиындықтарды тудырып отырғанын байқатса керек.

Көрмеге қойылған экспозициялық музей экспонаттары, фото құжаттық, мәтіндер қатарын құрады. Экспонаттардың ақпараттық әлеуетін арттыру үшін ғылыми-көмекші материал ретінде Жетісу өлкесінің картасы да қолданылды. Ол көрмедегі экспонаттар мен қосалқы материалдардың экспозицияда бір-бірімен байланысқа түсіп, ақпараттық деректерді жеткізуде айтатын ақпаратымызды да толықтыра түскен болатын.

Экспозиция жұмысында көшірмелер де кеңінен пайдаланылды. Осы қатарда қайта жасалған (түпнұсқадан дәл көшірілген) С. Аронұлының фотопортрет көшірмесінің репродукциясы қойылды.

Экспонатқа  берілген түсіндірме мәтіндер қазақ, орыс тілдерінде дайындалды. Этикетаж текстін жазу барысындағы ұстанылған шарт бойынша, талап бойынша аққағазға қара түсті стандартта жазылып қойылды. Яғни, экспонат атауы, авторы, жылы көрсетілді.

Орталыққа келушілер назарына көрме экспозициясында бағыт алуы үшін, құрылым бағыт анықтауға көмектесетін афиша және бас мәтін дайындалды. Бас мәтінде бізге әдебиет арқылы кеңінен танылған С. Аронұлының Жетісулық ақындық өнердің басты кейіпкері, Ж. Жабаевтың өнердегі ұстазы екендігі, көрмеге негіз болған тұлғаның қырғыз ақыны Қатағанмен болған әйгілі айтысы оқиға түрінде суреттік картинада беріліп, ол жөнінде қысқаша сипаттама түрінде түсіндірілді. Көрменің тақырыбына сай, бөлімдері, ұйымдастырушылар туралы т.б. көрме афишасында қысқаша жалпы мәліметпен берілді.

Экспозиция орналасқан орында көркемдік-безендіру жұмыстары аяқталғаннан кейін, екі тараптық экспозициялық-көрме кеңесі көрмені қабылдау жөніндегі шағын жиын өткізілді. Кеңес мүшелері («Атамекен» тарихи-мәдени орталығының директоры және «С.Аронұлының әдеби-мемориалды музейінің» меңгерушісі тарапынан) көрменің жоспарланған уақытынан бастап, оның құрылуына да ат салысып, көрменің ашылуын өз бақылауларында ұстады. Кеңесте сыни талдау жасалып, алдыңғы өткен көрмелерде орын алған кемшіліктері ескере отырып, ресми көрменің ашылуына рұқсат берілді.

Атриум төрінен орын алған экспонаттар ең алдымен көрмені тамашалап келушілермен қатар, жалпы қонақтардың бәріне түсінікті болу жағы ерекше назарға алынды. Өйткені, «Атамекен» орталығының қор жәдігерлері каталогын іріктеуге қатысқан бейтарап тұлға, сол сәтте Орталығымыздың жәдігерлерін суретке түсіріп жүрген фотографтың ұсынысын ескере отырып, көрмеміз ең алдымен өткен тарихқа қызығушығаларға арнап құрылған болатын. Көрме жұмысын тамашалаған қонақтар қатарын мектеп жасына дейінгі және мектеп оқушылары мен жергілікті тұрғындар, аулымыздың екі колледжінің студенттері құрайды.

Сөз соңында ғылыми және қор сақтау бөлімі қызметкерлерінің кәсіби мамандығы бойынша атқарып жүрген жұмысы арқылы Орталығымыздың қоғамдағы алар орнын әрдайым айшықтап, мәдени іс-шаралар өткізуде келушілердің талғам таразысын қалыптастыруда өз әлеуетін танытуға қабілетті екендігін және атаулы тұлғаларға қатысты тақырыптық көрмелер аясында құрылған әрбір экспозиция мен көрмелердің құндылығын парықтайтын еңбегін көрсетуге тырысқан едік. Ойымыздан шыққан жұмыс діттеген жерге, өз деңгейінде көпшілік назарына тиісті мән-мағынада жеткен тәрізді.

Дегенмен, Орталық өз жұмысының басымдығына орай Елбасының өмірі мен қайреткерлігіне арналған тұрақты экспозиция мен көрме витриналары арқылы Орталығымыз әртүрлі жастағы келушілерге үздіксіз қызмет етіп келеді.

 

Алпамыс АБУ, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының аға ғылыми қызметкері, PhD докторант

3192 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper